Русский Сайттың толық нұсқасы

АҚШ-та абайсызда афроамерикандықты өлтірген экс-полицей 25 жыл бас бостандығынан айрылуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 24 желтоқсан 2021
  • 1682

АҚШ-тың бұрынғы полиция қызметкері Кимберли Поттер афроамерикандықты өлтіргені үшін кінәлі деп танылды. Қайғылы оқиға сәуір айында болған. Бұзақыны ұстау кезінде сақшы электро есеңгіреткішті тапаншамен  шатастырып,  оқ атқан. Енді ол  25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Атышулы оқиға жөнінде тілші репортажы.

Бұл сәтті 20 жастағы Данте Райттың туыстары  9 ай күтті.  26 жылдық тәжірибесі бар полиция ардагері Кимберли Поттер абайсызда адам өлтіргені үшін кінәлі деп танылды.

Афроамерикандық Данте Райтты ұстау кезінде Кимберли Поттер оны қатты жарақаттаған. Ол кадрлар желіде тарады.  Экс-полицейдің  жалғыз оғы күдіктіні жан тәсілім етті. Кейін  полиция Поттер  есеңгіреткішті  қолданғысы келгенін,  бірақ оның орнына тапанша  алып шыққанын мәлімдеді.

Дамик РАЙТ, МАРҚҰМНЫҢ АҒАСЫ:

Біз 9 ай бойы бәрімен күресіп келеміз. Артық сөз айтудан аулақпыз, бірақ  үкімге ризамыз. Біз бәріне ризамыз. Ғайбат сөздерім үшін кешіріңіз, бірақ біз оның өмірін  тозаққа айналдырамыз.


Кэти БРАЙАНТ, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:


Ол "кінәлі" дегенді естігенде есіміз танардай қуандық.Әрине  Дантені қайтара алмаймыз. Қайткенмен біздің қолдаған барлық адамдарға  алғыс айтқымыз келеді.

Экс-полицейге екі тармақ бойынша жаза тағайындау үшін алқабилер отырысы  шамамен  27 сағатқа созылған. Сотталушыға  бірінші және екінші дәрежелі абайсызда кісі өлтірді деген айып тағылды. Прокурордың айтуынша, полиция ардагері бірнеше жыл бойы жаттығуларға мән бермеген,  соның салдарынан атыс қаруын электр есеңгіреткішпен шатастырып алса  керек.

Кит ЭЛЛИСОН, МИННЕСОТ БАС ПРОКУРОРЫ:

Мен оған және оның отбасына тек жақсылық тілеймін. Ол не болса да,туғандарымен  хат алмасып,хабарласып тұрады. Ал өкініштісі  Райт отбасы  енді ешқашан Дантемен тілдесе алмайды.

Айта кетейік, Данте Райттың өлімі тағы бір афроамерикандықты өлтірген полицейдің сотымен тұспа-тұс келді.  Сол сәтте Джордж Флойдтың өліміне қатысты сот отырысы өте шиеленісті жағдайда өтіп жатқан болатын. Экс-полицей  Поттер ханымға қатысты үкім 18 ақпанда оқылады.  Ол 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

З. Санай