Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда жылу электр орталығындағы жарылыстан зардап шеккен жұмысшының жағдайы ауыр

  • AstanaTV
  • 27 желтоқсан 2021
  • 1470

Қызылжарда жылу электр орталығында болған жарылыс кезінде жарақат алған   жұмысшының денесін 40 пайыз күйік шалған. Бұл туралы  дәрігерлер хабарлады.  Петропавлды жылу және электр энергиясымен қамтып отырған орталықта екі қазандық істен шыққан.  Зардап шеккен 27 жастағы жұмысшы ауруханаға жеткізілді. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, жағдайы  ауыр.

Жанна МАУТОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Жәбірленуші есін жиды. Оның айтуынша, ол ыстық буға күйіп қалған.  Денесінің 40 пайызын күйік шалды. Беті, мойны мен аяқ-қолын қазір емдеп жатырмыз. Жағдайы ауыр болған соң біз оған ауырсынуды басатын дәрі бердік.


Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, қазір жылу орталығында  алты қазандық  жұмыс істеп тұр. Қалғандары жөнделіп жатыр. Айта кету керек, аталған кәсіпорында соңғы бір айдың ішінде осымен екінші рет жарылыс болды. Жауапты тараптың айтуынша, қала тұрғындары жылусыз қалмаған.     

Ерлан ҚАЙЫРБЕКОВ, СҚО ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҮКШ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Жылу электр орталығында алтыншы және жетінші қазандық істен шықты. Қазір он екі қазандықтың алтауы жұмыс істеп тұр. Бір пешті жаңғыртып жатырмыз. Үш қондырғы жөнделіп жатыр. Ал қалған екі қазандық резервте тұр. Бүгінде электр тоғы мен жылу өшірілген жоқ.

А. Құрманкин