Енді
Астананың өз Бурабайы бар. 18 жылдың ішінде Астана маңында аумағы Бурабай
ұлттық паркі орманымен тең түсетін жасыл желек отырғызылды. Елорданы айнала
отырғызылған жасыл аймақтың көлемі 75 мың гектардан асып отыр. Бүгін мемлекет
басшысы «Ақ қайың» орман тұқымбағында болып қайтты. Бұл Астана іші мен сыртын
жаңа көшеттермен қамтамасыз ететін негізгі донор. Қазір ол елорда сұранысының
60 пайызын қамтамасыз етіп отырған көрінеді. 155 гектар алқапта 61 түрлі
тұқымды 50 мың дана ағаш бар. Олар жыл сайын 3 тонна дайын тұқым береді.
Нұрсұлтан
Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жаңадан
Алматыдан көшіп келген кезде қаланы шаң басып кететін. Төрт жақтан соққан жел
адамды құлатып кететін қаланың ішінде. Сол болмасын деп, мына ағашты егуді
бастадық. Бұл Астананың, ауаның тазалығы, екіншіден, шаң жібермейтін, үшіншіден, желді ұстайтын қорған. «Орманы бардың қорғаны бар» деп қазақ бекер айтқан жоқ
кезінде. Әр нәрседен қорғайтын орман болады.
Болашақта
Астана жасыл аймағы Бурабай орманымен қосылады. Қазір ол қаладан жүз шақырым
алыстап, Шортандыға дейін жетіп отыр. Жыл сайын 5 мың гектарға ұлғаятын алқап
біртіндеп Астана, Көкшетау, Қостанай, Қарағанды және Павлодар ормандарын
жалғап, еліміздің тынысын кеңейтпек. Астана қаласының жасыл аймағын құру елорда
төңірегінде жабайы жануарлардың дамуына да ықпал етті. Жасыл аймақ құрылғаннан
кейін елорда маңында бұлан, елік, қоян, сұр шіл және қырғауыл пайда болды.
Бүгін олардың қатары тағы 150 қырғауылмен толықты.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ