Русский Сайттың толық нұсқасы

Таразда болған қарулы қақтығыс ешқандай экстремистік әрекетке жатпайды - Жамбыл облыстық ІІД

  • AstanaTV
  • 20 маусым 2016
  • 1839

Таразда тапа-тал түсте болған атыс ешқандай экстремистік әрекетке жатпайды. Жамбыл облыстық ІІД баспасөз қызметі осылай деп ақпарат таратып отыр. Қарулы қақтығыс қаладағы 6-шы «Талас» ықшам ауданында болған. "Борышкер" жедел іс-шарасы кезінде белгісіз біреулер полицейдің ту сыртынан оқ атып, қаша жөнелген. Салдарынан тәртіп сақшыларының біріне оқ тиіп, ауруханаға жеткізілді. Полицейге оқ атқандар жасырынған үй қоршауға алынып, тұрғындар көшірілді. Бұзақылардың саны үшеу деген дерек бар. Оның біреуіне оқ тиіп, тағы біреуі қолға түскен. Қазір екі адам ауруханада жатыр.

Ербол Ордабеков, қалалық №1 ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

Екеуінің де жағдайы ауыр. Әсіресе, полиция қызметкерінің жағдайы тым нашар. Қазір жан сақтау бөлімінде. Күдіктіге жасалған ота да аяқталды. Жағдайы ауыр, тұрақты. 

Сақшыға оқ атқан адамның бұрын істі болғаны анықталып отыр. Қазір бостандықта жүрген тағы бір күдікті іздестіріліп жатыр.

Гүлсара Мұхтарқұлова, Жамбыл облыстық ІІД  баспасөз хатшысы:

Күдікті діни экстремист болып табылмайды. ІІД-нің экстремизммен күрес департаменті тізімінде жоқ. Нақты уақытта оқиғаға қатысы барларды анықтау мақсатында шұғыл тексеру шаралары жүргізіліп жатыр.    

Данияр ӘЛІМҚҰЛ