Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысындағы түрмелердің бірінде тағы да шу шықты

  • AstanaTV
  • 29 желтоқсан 2021
  • 2341

Қарағанды облысындағы   жоғары қауіпсіздіктегі АК 159/6 түзету мекемесіндегі сотталушылар тағы да әкімшіліктен қорлық көргендерін айтып, бейнежазба жариялады. Олар  түрме қызметкерлерінің  бұйрығымен бір- бірін түрлі әрекеттер арқылы қорлап, ұрып – соғатындарын айтқан. Сондай қойылымның бірін сотталушылар туыстарына таратыпты. Бүған түзету мекемесінің басшылығы не дейді? Колониядағы жағдайдың мән- жайы Айжан Қуаштың материалында.

Бұл бетперде киген  әртістер емес, сотталғандар. Өздері түсірген қойылымда педофилді ұрып- соғып жатыр. Сөздеріне сенсек, әкімшілік қызметкерлерінің бұйрығымен олар бір- бірін   үнемі осылай қорлауға мәжбүр. Әйтпесе түрлі жала жабылады,- дейді.

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ ДОЛИНКА КЕНТІ АК 159/6:

Бұл видеоны Ак 159/6 мекемесінде өз қауіпсіздігімді сақтау үшін жаздым. Әкімшілік қызметкерлерінің тапсырмасымен біз басқа сотталғандарды қорлауға мәжбүрміз. Өйткені «ондай әрекеттерге бармасаңдар сендерді заң бұзды деп жазамыз»,-  деп қорқытады. Ал біздің бостандыққа шығуымыз тікелей осыған байланысты. Өзімізді де қорлайды.

Осылай деген жазасын өтеушілер қорлаған камераластарының аты- жөнін тізбектеп, туыстарынан көмек сұраған. Қылмыстық түзету жүйесі департаменті болған жағдайға қатысты мүлде басқа мәлімдеме жасады. Ресми ақпаратқа сүйенсек, жоғары қауіпсіздіктегі абақтыда отырғандардың көбі қауіпті қылмыскерлер. Әкімшілік қызметкерлерін билеп- төстеп, беделдерін түсіру үшін әдейі қойылым қойып, таратқан. Қазіргі таңда ұйымдастырушылардың үстінен қылмыстық іс қозғалыпты.

Ерболат ӘБДІКЕЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ҚТЖД АК 159/6 ЖОҒАРЫ ҚАУІПСІЗДІКТЕГІ МЕКЕМЕ БАСТЫҒЫ:

Аталған материал бойынша қызметтік тексеру жүргізілді. Сотталғандар қорлау туралы  қойылымды арнайы жоспармен түсірген. Оны басқа бір жазасын өтеуші дыбыстап тұр. Сөйтіп олар мекемедегі ережені жеңілдету үшін қызметкерлердің беделін түсіріп, қоғамдық пікір туғызбақ болған.Қазір ұйымдастырушыларға қатысты ҚК-тің 146- ншы, яғни «қорлау» бабымен қылмыстық іс қозғалды.


Сотталғандардың бұл әрекеттері жазасын өтеу мерзімін одан ары ұзартуы мүмкін. Онсыз да ауыр қылмыс жасаған олардың алды 10, арты 25 жылға дейін қамалған.  Сотталғандар бұған дейін де бірнеше рет қорлық көргендерін айтып дабыл қаққан болатын. Бірақ барлығында өздері кінәлі болып шыққан.  Ресми орган сотталғандар  қорлық фактілері болған жағдайда колонияда орнатылған арнайы терминал арқылы жолдай алатынын хабарлады.

А. Қуаш