Оралда тәртіп бұзғаны үшін 700-ден астам адам ұсталып, 38-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде тіпті өзге қалалардан оқ-дәрі әкеліп, блок бекетті айналып өтпек болғандар да бар. Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастап кетті. Дегенмен өңірде жағдай тұрақтала бастады. Қоғамдық көліктің қозғалысы қалпына келтіріліп, базарлар мен дүкендер қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр.
Облыс аумағында бес блок бекет орнатылған. Тәртіп сақшылары қалаға кірген-шыққан көліктерді жіті тексеріп жатыр. Олардың айтуынша, "Атырау-Орал" бағытындағы бір ғана блок бекеттің өзінен күніне мыңға тарта көлік өтеді. Жолаушылардың құжаты дұрыс болса, қозғалыс іркілмейді,- дейді.
Райбек ҚАДЫРОВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Осы жаңа посттан өттім, Атырау-Орал арасындағы. Өте жақсы, бәрі мықты. Бәрі қауіпсіздік үшін жасалып жатыр.
Дегенмен коменданттық сағат тәртібін бұзғандар азаяр емес. Сақшылар Қызылорда қаласынан келіп, блок бекетті саяжай арқылы айналып өтпек болғандарды ұстады. Олардың көлігінен суық қару табылды. Ал жүргізушісі есірткі пайдаланғаны анықталған. Сонымен қатар қалтасына оқ салып жүрген тағы екі жігіт қолға түсті. Полиция дерегінше, 714 адам тәртіп бұзғаны үшін ұсталып, 38-і әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Дариға МӘЖИТОВА, БҚО ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Бұл азаматтардың өзімен бірге жеке куәліктері болмаған. Патронды көшеден тауып алғанын айтқан жігітке қатысты оқ-дәрілерді заңсыз сақтау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ал екінші ер адамға төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.
Қоғамдық көліктер қозғалысы қалпына келтірілді, базарлар мен дүкендер жұмысы қайта жанданды. Өңірде көгілдір отынның литрі 60 теңгеден сатылып жатыр, дегенмен кейбір жанармай құю бекеттері әлі жабық тұр.
Еркін КАРИН, ТІЛШІ:
Облыс әкімдігінің ғимараты тікенек сыммен қоршалған. Маңызды мемлекеттік нысандар әлі де қарулы патрульдердің бақылауында. Қазіргі мақсат – тәртіп пен тұрақтылықты сақтау болып отыр.
Е. Карин