Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 870 адам істі болды

  • AstanaTV
  • 11 қаңтар 2022
  • 1443

Павлодарда жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 870 адам істі болды.  Оның  200-ден астамы 15 тәулікке қамалған. Аймақта жағдай жаймендеп тұрақталып келеді. Әлеуметтік нысандар мен сауда үйделері және дүкендер жұмыс істеп тұр. Қоғамдық көліктер де әдеттегідей жүріп жатыр.  Өңірден-Өзгеріс Қуанар.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Павлодарда қазір жағдай тұрақты. Десе де, облыстық әкімдік орналасқан аумақ әлі де қоршауға алынған. Әскерилер мен арнайы техникалар күні түні күзетіп тұр. Өйткені, дәл осы алаңда 5 қаңтар күні бейбіт митинг өтіп, соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласқан болатын.

Жаппай тәртіпсіздік кезінде 870-тен астам адам полиция бөлімшелеріне жеткізілді. Олардың әр қайсысына әкімшілік іс қозғалып, сот шешімі шығарылды. Ғимараттар мен нысандарға айтарлықтай зиян келген жоқ. Тек облыстық әкімдіктің есігі ғана сынған.  

Жанна БІЛӘЛОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:


Сот қаулысымен 220 тәртіп бұзушыға 15 тәулікке дейінгі мерзімде әкімшілік қамау түрінде жаза қолданды, барлық қамауға алынғандар Павлодар қаласының арнайы мекемелеріне қамалды. 288 тәртіп бұзушының әрқайсысына 30 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұлдар салынды.


Төтенше жағдайда байланыста аймақта комменданттық сағат енгізілсе де, талапты елемейтіндер көп.  Соңғы үш тәулікте 700-ге жуық адам ұсталды. 300-дей көлік айып тұрағына қойылды.  

Нұрлан МӘСІМОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ КОМЕНДАНТЫ:

Төтенше жағдай кезінде шектеу шараларын сақтауды қатты қажеттілік болмаса өз тұрғын үйлеріңізден шықпауды сырттан келген провакцияларға берілмеуді және тек ресми көздерден шыққан ақпаратқа сенім артуыңызды сұраймын.

Әлеуметтік нысандар мен сауда үйделері және дүкендер әдеттегідей жұмыс істеп тұр. Ал полиция қызметкерлеріне көмектесу мақсатында ұстаздардан құралған 1200 ерікті қоғамдық қауіпсіздікті қалыптастыруға  атсалысуда.  

Александр ВЕРВЕКИН, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БЕРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Еріктілер тек ғана ер адамдардан құралған. Көпшілігі ұстаздар. Олар әлеуметтік нысандардағы қауіпсіздікті қадағалайтын болады. Төтенше жағдайға байланысты мұғалімдер қашықтықтан жұмыс істеуге көшті.

Аймақта қауіпсіздік шаралары барынша күшейген. Қалаға кіру талабы қатаң. Тәртіп сақшылары әр көліктің жолаушылары мен жүк салғышын жіті тексеріп жатыр. Қалаға кіруге рұқсат етілмеген 90-ға жуық адам кері қайтарылды.

Ө. Қуанар