Русский Сайттың толық нұсқасы

Жаңа Үкімет қазақстандықтарға қандай уәде берді?

  • AstanaTV
  • 12 қаңтар 2022
  • 1201

Кейбір қазақстандықтарға енді несие берілмейді. Бұл туралы жаңа жасақталған Үкіметтің алғашқы отырысында айтылды. Халық үшін ең қажетті әлеуметтік тауарлардың бағасы реттеледі. Бұл орайда нақты жұмыстар басталды, деді сауда және интеграция министрі. Сондай-ақ, көмекке мұқтаж жандар үшін «Қазақстан халқы» қоры жұмыс бастайды.  Жаңа Үкіметтің тағы қандай жоспары бар?  Бұл туралы Асылбек Даниярдың материалында толығырақ айтылады.

Әдеттегі уақытынан ерте басталған үкімет отырысында алдымен су жаңа министрлер ант берді.

Премьер-министр Әлихан Смайылов ведомство басшыларына Мемлекет басшысының сенімін ақтау талабы тұрғанын жеткізді. Бастысы, халық күткен нәтижені  көрсетуіміз керек, деді Үкімет басшысы.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Біздер Үкіметтің жаңа құрамы халықтың өмір сапасын жақсартуға, экономиканың өсімін сақтауға және пандемияны еңсеруге, лаңкестер мен бұзақы тонаушылар келтірген орасан шығындарды қалпына келтіруге, елімізді жаппай дағдарыстан шығаруға бағытталған Президент тапсырмаларын орындау үшін бар күш жігерімізді аямай жұмыс істеуіміз қажет.


Азық-түлік экспортына шектеу қойылуы мүмкін. Вице-премьер әрі сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, азық-түлік инфляциясын тежеу және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларын мемлекеттік реттеу шараларын күшейту қолға алынады. Қазір жергілікті атқарушы органдармен бірге халық үшін аса қажетті тауарлардың бағасын қолжетімді ету бойынша іс-шаралар қабылданып жатыр.

Бақыт СҰЛТАНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

Қажет болған жағдайда экспорттық шектеу жөніндегі шаралар уақтылы қабылданатын болады. Қазірдің өзінде мал мен көкөніс экспортына тыйым салынды.   Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен, Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірлесіп, шекті бағалар тетігі қайта қаралды.

Ал жаңадан тағайындалған индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев елдегі жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру жұмыстарының мерзімі белгіленгенін айтты.  Сөзінше, аймақтарда келтірілген залалды тексеру және бағалау жөніндегі тиісті комиссиялар құрылған.

Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Әкімдіктердің жедел деректері бойынша ел бойынша 8 өңірде 53 мемлекеттік нысан және 151 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны зардап шекті. Әкімдіктер бүлінген нысандардың нақты санын күн сайын жаңартып отырады.

Төтенше жағдай кезінде банктер мерзімі өткен несиелер үшін айыппұл мен өсімпұл алмайды. Ал қарызға батқан халықтың берешегін жеңілдету үшін   несие беру талаптары өзгереді.

Мәдина ӘБІЛҚАСЫМОВА, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:


Борыш жүктемесі коэффициентінің есептелуі қатаңдатылады. Есептен қарыз алушы да тұрықты кірістің болуын дәйекті түрде растай алмайтын кірісті айқындау өлшем шарттары алып тасталады. Банктерге және микро қаржы ұйымдарына қатысты тәуекелі жоғары тұтынушы кредиттері бойынша қосымша шектеулер енгізу қарастыралады.

Ел аумағында жарты жылға сұйытылған газдың литріне 50-75 теңгеге дейін уақытша бағалық реттеу енгізілгені белгілі. Президенттің тапсырмасына сәйкес, Энергетика министрлігі   көгілдір отын нарығындағы жағдайды бақылауды қамтамасыз ету үшін жедел шаралар қабылдаған.

Болат АҚШОЛАҚОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

2023 жылғы 1 қаңтарға дейін сауда-саттық қағидаларын тоқтата тұру бойынша бұйрық. Оған сәйкес, Энергетика министрлігі сұйытылған газды электрондық сауда-саттықтан тыс өткізетін болады.


Сондай-ақ елімізде Әлеуметтік кодекс әзірленбек. Жастардың жалақысы 90 мың теңгеге дейін көтеріледі. Ал олардың жеке кәсібін дамытуға берілетін мемлекеттік грант саны екі есе артады.  Сондай-ақ, утильдік алым  бойынша бірыңғай мемлекеттік оператор құрылады.  Осы уақытқа дейін қазақстандықтар РОП-қа 700 миллиард теңгеге жуық төлем  төлеген.   Бір жарым сағатқа созылған жиында үкімет басшысы құқық қорғау және күштік құрылымдарды реформалау бойынша да нақты тапсырмалар берді. Бір апта ішінде бірлескен ведомстволар Ұлттық ұланды және арнайы мақсаттағы бөлімшелерді сандық және сапалық нығайту бойынша ұсыныстар енгізуі тиіс.

А. Данияр