Елордада бір күнде 180-ге жуық адам төтенше жағдай режимін бұзған. Бұл туралы қалалық полиция хабарлады. Айта кетейік, бас қалада төтенше жағдай режимі әлі алынған жоқ. Ел астанасының тыныс-тіршілігін әріптесім Бекболат Сатуов бақылап қайтты.
Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:
Елорда көшелерінде ешқандай қарбалас жоқ. Адамдар әдеттігідей таңертең жұмысқа, кешке үйге асығуда. Қоғамдық көліктер де уақытында, ретімен қатынауда.
Қалада террористік қауіптің "қызғылт сары" деңгейі белгіленген. Қауіптілік деңгейі төмендегенімен, төтенше жағдай режимі күшейтілген тәртіппен жалғасып жатыр. Елордалықтар үшін түнгі уақытта жүруге тыйым салынған.
БЛИЦ:
- Кешке комендантский час болып жатыр. Біз үйде отырамыз енді не істейміз кешке.
- Жұмыс уақытында барамыз келеміз. Уйде бәрі нормальный. Бәрі тыныштық жақсы.
- Еліміздің амандығы, тыныштығы керек қой бізге.
Күшейтілген күзет Ақорда, Үкімет, Парламент ғимараттарында әлі де алынбаған. Қалаға кіріп-шығатын бекеттерде тексеріс күндіз-түні жалғасуда. Дегенмен тәртіпке бағынбағандар да бар.
Данияр ОРАЛОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ КОМЕНДАТУРАСЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Бір тәуліктің ішінде коменданттық сағат режимін бұзғаны үшін 8 кәсіпкерлік субъектісінің жұмысына тосқауыл қойылды. Барлық тәртіп бұзушылар полицияға жеткізіліп, оларға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Мекемелердің лицензиясын қайтару мәселесі қаралуда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес төтенше жағдай режимінің талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтілген.
Барлық тәртіп бұзушылар полицияға жеткізіліп, оларға қатысты әкімшілік іс қозғалған. Елорданың комендатурасы коменданттық сағатты бұзбауды, азаматтардың тәртібі мен тыныштығын сақтауды ескертеді.
Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:
Дегенмен дүкендер, банктер, халыққа қызмет көрсету орталықтары қалыпты тәртіпте жұмыс істеп тұр. Қоғамдық көліктер де уақытылы, ретімен қатынауда. Коммуналдық қызметтің де жұмысы қалыпты. Бір сөзбен айтқанда төтенше жағдай режимі қала тұрғындары үшін ешқандай кедергі келтіріп жатқан жоқ. Бұқара да бұған түсіністікпен қарауда.
Б. Сатуов