Түркістанда көпқабатты үйдің тұрғындары пәтерлерінде малмандай су болып отыр. Шатырдан аққан қар мен жаңбыр суы бірінші қабатқа дейін сорғалап тұр,- дейді олар. Айтуларынша, жаңғырту бағдарламасы бойынша баспананың шатырындағы қара қағаз металл жабындымен ауыстырылуы тиіс болған. Бірақ күзде басталған жұмыс әлі аяқталмапты. Мәселенің мән-жайын Айзада Төребекқызы тарқатады.
Атқамінерлердің күнде ертең деген жауабына тойған тоқсан отбасы шыдамымыз әбден таусылды дейді. Айтуларынша, былтыр қазан айында шатырды метал жабындымен ауыстыру жұмыстары басталған. Бірақ әлі бітер емес. Салдарынан төбеден су сорғалап тұр.
Пәтерлердің іші адам көргісіз. Тұсқағаз салбырап,жалбырап тұр. Төбе сылақтары түсіп, қабырғалар көгеріп жатыр. "Ызаның кесірінен ауру болдық",- дейді тұрғындар.
Раушан АППАС, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мына жердің бәрінен су ағады. Мына лампочканың төбесінен де, ортасынан да су ағып жатыр қазір. Шелек қойып қоямыз, шылапшын қойып қоямыз. Түніменен жаңбыр жауады, түніменен сығып ап шығамыз. Ешқандай жататын жер жоқ бұл жерде. Бүкіл бөлме осындай бір бөлме емес.
Көпқабатты үй тұрғындары биылғы қыстың жаңбырлы болуы жығылған үстіне жұдырық болғанын айтады. "Несие алып, пәтерімізді жөндеп едік, есіл еңбек еш кетті" деп налиды.
Раушан СМАҒҰЛОВА, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бәріміздің пәлен миллионға алып кредит істеп үйімізді жаңартқанымыздың бәрі зая кетті. Мына төбені октябрьде бастады. Профностиль келмей тұрып тесетін жерді тесті. Сөйтті дағы профностиль келген жоқ, міне кеше осыдан екі үш күн бұрын келді. Соған дейін тоқтамай жаңбыр ағып тұрды.
Жауаптылардың айтуынша, Түркістанда тағы осындай төрт көпқабатты үйдің шатыры жабылмай қалған. "Жұмыстың қысқа дейін созылып кеткені материалдың жетіспеушілігінен" дейді.
Әбутәліп АСАНОВ, ТҮРКІСТАН қ. ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Мердігер тарапынан тапсырыс берген. Алайда осы желтоқсан айының отызына келген. Одан кейін праздникке тура келіп мердігердің айтуы бойынша қаржы мәселесін аударып үлгере алмаған. Шығынын мердігер тарапынан акт жасалды біздің тарапымыздан. Сол акт бойынша шығынның бәрі орнына келтіріліп береді.
Тұрғындардың айтуынша, біздің түсірілімнен кейін тоқтап тұрған жұмыс қайта жанданыпты. Бірақ, асығыс-үсігіс істелген шаруаның сапалы болатынына жұрт күмәнмен қарап отыр.
А. Төребекқызы