Русский Сайттың толық нұсқасы

Электр энергиясы құнының өсуіне жол бермеу керек - Н.Нығматулин

  • AstanaTV
  • 19 қаңтар 2022
  • 947

Электр энергиясының бағасы өсуі мүмкін бе? Бүгін Парламент мәжілісінде Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығына қатысты құжат мақұлданды. Бұл өз кезегінде одаққа мүше елдерден электр қуатын алуға мүмкіндік береді. Энергетика министрі Болат Ақшолақов елімізге қымбат электр энергиясы импортталса, баға өсуі мүмкін деді. Ал, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин газ бағасына қатысты болған оқиға энергия саласында қайталанбасын деп тапсырды.

Динара ЖАРҚЫНБЕК, ТІЛШІ:

Қазақстан электр энергиясы нарығын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен интеграциялауды жоспарлап отыр. Бүгін мәжіліс отырысында энергетика министрі Болат Ақшолақов жаңа Заң жобасын таныстырды. Артықшылығы сол ел ішінде энергия тапшылығы туындағанда, Одаққа мүше елдерден электр қуатын алуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, бұл мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілеріне арналған шарттардың аясында өзара электр энергиясы саудасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Министрдің болжамынша энергия өндіруші ұйымдар арасында бәсекелестік артуы мүмкін.

Болат АҚШОЛАҚОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

ЕАЭО-ның ортақ электр энергетика нарығын Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің ұлттық электр энергиясы нарығын интеграциялау арқылы қалыптастыру жоспарланып отыр. Электр энергиясы нарығын құру әсері өндіруші қуатты пайдалану тиімділігін арттырудан, электр энергиясының өзара және сыртқы сауда көлемінің артуынан көрінеді.


Ал, депутаттар тұрғындар үшін электр энергиясы бағасы өсіп кете ме деп алаңдаулы. Министр аталған құжат тікелей баға өсуіне әкелмейтінін айтты. Мәселен, өзімізде жетпеген электр энергиясын Ресейден импорттайтын болсақ, оның киловаты шекарада 25 теңгеге бағаланады. Ал ол желілер арқылы келсе, тым қымбатқа соғатынын айтты.  

Болат АҚШОЛАҚОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Бірақ импортқа қатысты мәселе бар. Қымбат электр энергиясы импортталса, бұл баға өсуіне әкеледі. Бірақ бұл Қазақстанның ішкі саясатына байланысты емес. Біз өз бағаларымызды сақтаймыз.


Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин, энергия бағасы газ бағасы секілді өсіп кетпеуін қадағалауды тапсырды.

Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бірыңғай энергия жүйесін құру ол әрине, керек нәрсе. Оған ешқандай күмән жоқ. Ол – бәсекеге қабілетті арттыру үшін керек. Ол, жалпы, осы секторды дамытуға жол ашады. Бірақ та, осы, бірыңғай энергия жүйесін құрғанда, ең бастысы, өз еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін сақтап қалуымыз керек. Ол, өте манызды мәселе.


Экономист Сапарбай Жобаевта, жаңа құжаттың маңызы зор екенін қоштады.

Сапарбай ЖОБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:

Біз осы күнге дейін электр энергиямыз жетеді деп жүрдік. Сондықтан, біз олардың кейбір шарттарына көнбеген болдық. Сондықтан мен ойлайм, бұл ешқандай электр жүйеміздің қалыпты жұмыс істеуіне әсер етеді. Біз мәселен, олардан алатын болсақ, қымбатқа аламыз, оны халқымызға қалай береміз? Өзіміздің бағамен бе әлде ресейдің бағасымен бе?

Дегенмен жауапты министр басты шарттардың бірі бағаның тұрақтылығы екенін мойындайды. Бұл бағытта ведомство екі міндет бойынша жұмыс істейтінін мәлімдеді. Ол: электр энергиясы мен жылу энергиясын өндіруді арттыру, ескірген магистраль және өңірлік желілерді қалпына келтіру.

Д. Жарқынбек