Русский Сайттың толық нұсқасы

"Кәсіпкерді қинай бергенше, миллиардтап ұрлағандарды ұстаңдар", - А.Перуашев

  • AstanaTV
  • 19 қаңтар 2022
  • 1391

Алматыдағы жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлердің басым бөлігі, әлі жұмысын бастамаған. Солардың бірі Светлана Чусовитина. Оның дүрбелең кезінде зергерлік бұйым сататын салоны тоналған. Айтуынша, орта есеппен санағанда шығын көлемі 100-150 миллион теңгенің шамасында. Кәсіпкерлер палатасына тиісті құжаттарын өткізген, бірақ мардымды жауап ала алмай жүргеніне шағымданды.

Светлана ЧУСОВИТИНА. ҚАЗАҚСТАН ЗЕРГЕРЛЕР ЛИГАСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Палатадан әзірге өкініш білдіргеннен басқа жауап ала алмадық. Әрине, кәсіпкерлерді толығымен түсініп отырмын, немен айналысса да мұндай кезде оларға жағдай біздің елде қарастырылмаған. Жедел желі шыққан соң бірден хабарластық, қағаз жүзінде бәрін реттеді, бірақ әзірге ешқандай жауап алмадым.

Кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдету үшін отандық салық жүйесін ретке келтіру қажет. Мәжілісте депутат Азат Перуашев Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында шағын және орта бизнестің жағдайын сынға алды. Депутаттың айтуынша, адамдар жаппай кәсіпкерлікпен айналысуы үшін шағын бизнеске кассалық салық салудан бас тарту керек.

Азат ПЕРУАШЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Мыңдаған кәсіпкерлерді қорқытып, адамдардың банк карталарынан бақылап-тексергенше, миллиардтап ақша ұрлайтындарды ұстаған дұрыс шығар? Бізге патенттерге көшу қажет. Мысалы, салық органдары дәмхана немесе шеберхананың 1 жылда жалпы қанша салық төлеуі керек екенін есептеп береді. Сосын кәсіпкер мемлекеттен осы патентті сатып алады да, оны ешкім мазаламайды. Осылайша, кәсіпкерді жыл бойы тексермейді, айыппұл салмайды, кассалық чектерін бақыламайды. Біреу қосымша 5 немесе 500 теңге артық тапса, ештеңе етпейді.

Ә. Дүкембаева