Русский Сайттың толық нұсқасы

Коронавирус жұқтырғандардың көбі 4-5 жастағы балалар, дәрігер

  • AstanaTV
  • 20 қаңтар 2022
  • 1704

Балалар мектепке бар ма, жоқ па? Енді оны ата-ана шешеді. Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия осындай тоқтамға келді. Нақтырақ айтқанда, оқу қайтадан штаттық форматқа көшпек. Бірақ, бұл барлық сыныптар оффлайн оқиды деген сөз емес. Ал колледж және жоғарғы оқу орындарының жұмысы аралас форматқа ауысады. Яғни дәрістер қашықтан оқылса, қалған практикалық сабақтар мен іс-тәжірибелер штаттық режимде өтпек. Десе де, елдегі эпидемиологиялық жағдай мәз емес. Коронавирус жұқтырып жатқандардың арасында балалар көп.  Әріптесім Асылбек Данияр тақырыпты жалғастырады.

24 қаңтар, яғни дүйсенбіден бастап оқыту форматы тағы өзгереді. Оқушылар үшін мектептер қайта есігін ашады. Бірақ, барлығына емес. Балабақшалар болса меншік нысанына қарамастан штаттық режимде жұмыс істей береді. Ата-ана баласын бақшаға жіберу-жібермеу өз еркінде. Бұл енді мектеп оқушыларына да қатысты болмақ. Білім және ғылым министрлігі, 600-ге дейінгі шәкірті бар білім ұялары дәстүрлі форматта оқиды, деді. Одан көп болса мекеменің сыйымдылығына қарай болмақ.  Ғимаратты тек 50 пайызға дейін толтыруға рұқсат.

Сапура ТӨЛЕКОВА, ҚР БҒМ МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ЖӘНЕ ОРТА БІЛІМ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

1-4 сынып оқушыларын штаттық форматта оқытуға басымдық беріледі. Себебі, бастауыш сынып оқушылары көбінесе үйде ата-ананың қолдауымен білім алады. Гаджеттерді қолдануда, интернет платформаларын қолдануда қиындық туады. 5-11 сынып оқытуда бұл енді мектеп әкімшілігі өздерінен дербес шешім қабылдай алады.

Оқу форматы бұрынғыша қалады. Кейбір пәндер қашықтан оқытылуы мүмкін. Қосымша білім беру мекемелеріне келсек. Сыныпта 15 баладан аспауы керек. Мүмкіндігі шектеулі балалар оқитын кабинеттер тек 8 балаға дейін қабылдайды. Оқушылар медициналық маскада болуы міндетті. Десе де қазір балалар арасында коронавирус жұқтыру дерегі артуда. Инфекционист дәрігерлердің айтуынша, бұл өткен жылдармен салыстырғанда бірнеше есе көп. Оларда әсіресе, жоғарғы тыныс жолдарының қабынуы, дене қызуының жоғарылауы секілді симптомдар жиі байқалуда, дейді.

Айнұр УӘЛИЕВА, АЛМАТЫ қ. БАЛАЛАР КЛИНИКАЛЫҚ ЖҰҚПАЛЫ АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Бұлшықеттерінде ауру сезімі болады, тәбетінің төмендеуі. Балаларда жеңілдеу көріністері былтырғы штаммдарға қарағанда. Әр топтағы балалар бар, бірақ, көбінесе 4-5 жасқа дейінгі балалар ем алып жатыр.

Айта кету керек, ауырып жатқан балалардың арасында вакцина салдырғандары жоқ. Бұдан бөлек, сырқаттанып қалған бүлдіршіндердің көбі індетті үйдегі жақындарынан жұқтырған, дейді. Туылғанына көп болмаған нәресте де жұқпалы дертке шалдыққан.

Енді елдегі жалпы эпид ахуалға тоқтала кетсем. Республика бойынша Түркістан облысынан басқа өңірлер жағдайды бағалау матрицасының «қызыл» аймағында орналасқанына бүгін төртінші күн.

Соған қарамастан жағдай түзелер емес. Керісінше, күн өткен сайын ушығып келеді. Өткен тәулікте коронавирус жұқтырғандардың антирекорды тіркелді. Бір күнде COVID-19, 16 мыңға жуық адамнан анықталды. Ең көп науқас Елордада. Мұнан соң Алматы қаласы мен Қарағанды облысы тұр.  

А. Данияр