Русский Сайттың толық нұсқасы

"Жұмыссыздықпен күрес шаралары нәтижесіз",-А.Қапбарова

  • AstanaTV
  • 20 қаңтар 2022
  • 1793

Елімізде бюджеттің жартысынан астамы  әлеуметтік салаға және халықтың өмірін жақсартуға бағытталады. Алайда, оны тиімді пайдаланбаудың салдарынан жұмыссыздар саны азаймай тұр. Сенаттың жалпы отырысында  Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдаған  Айгүл Қапбарова осылай дейді. Оның айтуынша, ресми статистикаға сенім жоқ.  Жұмыссыздықпен күрес шаралары нәтижесіз. Сондықтан, ауылдық жерлерде екі қолға  бір күрек  таппай жүргендер жетерлік.    

Қызылорда қаласының тұрғыны Индира  бес баласын жалғыз өзі өсіріп отыр.  Екі үлкені кәмелеттік жастан асқан, оқу оқып, диплом алған. Бірақ, жұмыссыз.  Индираның да тұрақты табысы жоқ.

Индира ТАУЕНОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Оқуға түскенімен, дипломы болғанымен өз жұмысына түсе алмай жүргендер көп, жұмыссыз жүргендер. 2 қызым да, өзім де қазіргі таңда жұмыссызбын. Бұрын 42500 теңгенің өзі жетпей, соны үйтіп-бүйтіп жеткізіп отырғанбыз. Қазір ол күнге де жете алмай қалдық.


Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде былтыр жұмыссыздық деңгейі 4,9 процент болған.   Аймақтағы ахуал да көңіл көншітпейді.  Соңғы екі жылда Қызылордада жұмыссыздар саны 16 900-ден азаймаған.   Оған мамандардың айтар өз уәжі бар.

Жанар ДӘУЛЕТБАЕВА, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Халықтың бәрі қоғамдық жұмыста, жастар тәжірибесінде жүре берсе. Әрі қарай тұрақты жұмысқа барғысы келмейді. Болып тұрған жағдайда да барғысы келмейді. Себеп, айлық аз. сосын жеке кәсіпкерде істемеймін дейді. Қазір бюжеттік мекемелерде ондай жұмыс жоқ. Барлығы жеке кәсіпкерлік саласында ғой. Жеке кәсіпкерлік саласына барғысы келмейді, әрі сенімсіздік.


Сенат депутаты Айгүл Қапбарова жұмыссыздық жөніндегі статистикаға сенімсіздік білдіреді.  Оның айтуынша,  дамыған елдерде эпидемиологиялық жағдайға байланысты еңбек нарығындағы жұмыссыздық деңгейі 10 пайызды көрсеткен.  Ал Қазақстандағы өзгеріс- 0,2 процент. Осы сандарға сенімсіздік танытқан сенатор саладағы жұмысты жүйелеуді ұсынды.

Айгүл ҚАПБАРОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:  

"Еңбек" және "Жұмыспен қамтудың жол картасы " бағдарламасына бөлінген қыруар қаражаттың дұрыс жұмсалуын қатаң қадағалау және қаржының сапалы игерілуін зерделеу жұмыстарын жүргізу қажет. Аталған екі бағдарлама түпкі мақсатынан ауытқымай, халықты тұрақты жұмыспен қамтуы тиіс.

Халыққа да керегі осы. Енді ел атқарушы орындардан нақты қадамдар күтеді.
 
М. Тоқтасынқызы