Газ бар, жылу жоқ. Елорданың оңтүстік-шығыс тұрғындары үйімізге келіп тұрған көгілдір отынның игілігін көре алмай отырмыз дейді. Біздің арнамызға шағымданғандардың айтуынша, газ құбырына жиі мұз қатып, жұрт жылусыз қалатын көрінеді. Арнайы бригада шақырсақ, келіп болмайды дейді. Төлеген Шайықовтың үйі жақында ғана газға қосылыпты, бірақ ол сонда да көмір жағып отырғанын айтады.
Төлеген ШАЙЫҚОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мен осыдан тура бір ай бұрын үйіме газ қостырдым. Бірақ осы 30 күннің ішінде газ 16 рет мұз қатты.Әр мұздаған сайын мен арнайы бригаданың көмегіне жүгіндім. Алайда бригада кем дегенде 8 сағатқа кеш келеді. Менің үйім осы аралықта жылусыз қалып отырды.Амал жоқ сосын көмір жағам. Күнделікті осы мәселе. Шаршатты.
Ал жауаптылардың бұған жауабы дайын. Айтуларынша, бұл қалыпты жағдай. Уақыт өте ондай болмайды дейді. Ол үшін тұрғындар газға жаппай қосылуы керек, сосын қысым көбейеді, сонда құбыр қатып қалмайды. Айта кетейік , қазір бас қалада 2 жарым мыңға жуық үй табиғи газ желісіне қосылған.
Асқар ҚОНАҚБАЕВ, "ҚАЗТРАНСГАЗАЙМАҚ" АҚ АСТАНА ӨНДІРІСТІК ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Жаңадан салынған газ құбыры болғаннан кейін мұндай жәйттар болып тұрады. Мұндай жайттар ертеңгі күні алдымызда тұтынушылар көбейген сайын, бұл жайттар азаяды.Себебі газ құбырының іші құрғайды. Құрғағаннан кейін жаңағы айтқан пробкаларымыз кристал-гидратты пробкаларымыз азаяды деп ойлаймыз.
Б. Сатуов