Қарағанды облысында COVID- 19-дың өршуіне байланысты емханалардағы мобильді топтарға түскен шақырулар бұрынғыдан 3 есе көбейді. Сондықтан өңірде олардың санын еселеп арттыруға тура келген. Бүгінде үш жүзден астам бригада дәрігерлері тұмау мен коронавирусқа күдікті науқастардың үйлеріне барып қызмет көрсетуде. Тақырыпты Айжан Қуаш жалғастырады.
Қарағандыдағы бірінші көпсалалы ауруханаға қарасты емхананың мобильді бригадасы науқастың үйіне аттанды. Коронавирус өршігелі медицина қызметкерлерінің жұмысы ауырлаған. Cаll- орталыққа бір күнде тұрғындардан мыңға жуық шақырту келіп түседі. Дәрігерлер күніне шамамен 400 науқасты үйлеріне барып қайрап жатырмыз дейді.
Балжан МҰСА, ҚАЛАЛЫҚ № 1 КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНА ЕМХАНАСЫНДАҒЫ ОТБАСЫЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Мобильді бригадалар толыққанды коронавирусты науқастардың басынан бастап аяғына дейін жүргізумен айналысады. Қан алу, компьютерлік томографияға транспорттау, поликлиникаға машинамен алып келу сонымен қатар пациенттерге оттегі концентраты керек болған жағдайда қалай қолдану керек екенін оқыту пациенттерді тасымалдау, пациенттерден анализ алу барлық осындай іс- әрекеттердің барлығы мобильді бригадаларға жүктелген.
COVID- 19-дың өршуіне байланысты шақыртулар саны соңғы аптада бірден 3 есе артты. Сондықтан педиатор, терапевт және фельдшер мамандардан құрылған мобильдік топтар саны көбейтілген. Қоңырау қабылдайтындардың да жұмысы еселенді. Олар таңғы 8 ден кешкі 8- ге дейін науқастарға телефон арқылы кеңес береді немесе жедел жәрдем мен учаскелік дәрігер қызметіне жүгінеді.
Татьяна БОЙКО, ДИСПЕТЧЕР:
Дене қызуы, жөтел, демігу, іш өту белгілері болса дереу мобильді топтарға жібереміз. Егер шұғыл түрде көмек керек екенін байқасақ жедел жәрдемге хабарлаймыз. Бізде коронавируспен ауырып карантинде жатқан адамдарға да кеңес беретін жеке телефон бар. Мысалы психолог, терапевт керек болса сол мамандарды шақырамыз.
Қарағанды облысында қазір науқастарды өз үйлерінде қарайтын үш жүзден астам мобильдік топ жұмыс істеп жатыр. Бұдан басқа 4 жүзге жуық жедел жәрдем бригадасы бар. Пандемия басталғалы аймақта дәл қазіргідей жағдай тіркелмеген дейді мамандар. Ауру жұқтыру көрсеткіші 3-4 есе көбейген. Өткен тәуліктің өзінде 2 мыңнан астам тұрғыннан коронавирус анықталды.
А. Қуаш