Русский Сайттың толық нұсқасы

"Халық табысының 60 пайызға жуығын тек азық-түлікке жұмсайды",-депутат

  • AstanaTV
  • 26 қаңтар 2022
  • 1158

Халық табысының 60 пайызға жуығын тек азық-түлікке жұмсайды. Әсіресе, оңтүстік және батыс өңірлерде жағдай күрделірек.  Сондықтан жаңа Үкімет инфляцияға қарсы жұмыс тәсілін қайта қарауы тиіс дейді депутаттар.  Олар статистикаға  сенімсіздік танытып отыр.  Айтуларынша, сандар мен азық-түлік бағасының арасы жер мен көктей. Әрі қарай базар бағасын бағамдап көрген тілшіміз тарқатады.

Қымбатшылық қызылордалықтардың да қалтасын қағып тұр.  «Айлығымыз шайлығымыздан әріге аспайды» дейді көпшілік.

БЛИЦ:

- Бар ақшамызды тамаққа үнемдеп жұмсап жатырмыз. 75 пайызы кетеді. Ар жағында комуслуга. Киімді әзірге қоя тұрып тұрмыз.

- Жолдасым ғана жұмыс істейді. Азық түлікке бізде 50-60 мыңдай кетеді. Магазиндерде қымбат. Ауырлық тиеді бізге.

- Көп ақшамызды тамаққа жұмсаймыз да, сосын дәрі-пәріміз бар. Қымбатырақ, сәл төмен түсірсе деймін.


Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, соңғы екі жылда бағаны тұрақтандыруға облыстық бюджеттен 2 млрд.теңгеден аса қаржы бөлінген. Қазір қорда 114 мың тоннаға жуық өнім бар. Аймақ өз өндірісі есебінен күріш және тұзбен халықты 100 пайыз қамтамасыз етіп отыр. Қалған өнімдердің көлемі 20-60 проценттен аспайды. Сондықтан азық-түліктің басым көпшілігін сырттан тасымалдауға мәжбүр. Осы орайда делдалдардың жолын кесу мақсатында жұмыс жасап жатырмыз дейді мамандар.

Талғат ДҮЙСЕБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Делдалдық схеманы айқындау тапсырылған болатын. 5 мыңның үстінде тізімін нақтылап, цепочкасын айқындап, Бәсекелестікті қорғау және айқындау департаментіне жолдадық. Осы схема бойынша тиісті тексеру жұмыстары басталды.

Елдегі қымбатшылыққа қатысты Мәжілістің жалпы отырысында Елнұр Бейсенбаев  депутаттық сауал жолдады. Ол статистикалық мәліметтердің басым көпшілігінің шындыққа жанаспайтынын айтты. Айтуынша,   азық-түлік құны шарықтап тұр. Ал статистика мамандары былтыр баға 20 проценттен өспегендігін айтқан.

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Үкіметке нақты әрі айқын мәліметтер жетіп отырған жоқ. Статистикалық мәліметтер шынайы, әрі нақты болы керек. Бірақ бізде ол қолдан жасалған. Біздің ойымызша былтыр тамыз-қыркүйек айларында азық-түліктің, картоптың үш есеге қымбаттағандығын статистика мамандары ғана естімеген сияқты.

Депутаттар Үкіметті инфляцияға қарсы жұмыс тәсілін қайта қарауға шақырды. Сонымен қатар, статистикалық мәліметтерді де нақтылау керек дейді олар. Сонда ғана баға расымен  реттелетініне сенімді.  

М. Тоқтасынқызы