Қарағанды облысының Ақтас кентінде жаңадан пайдалануға берілген үй тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіріп тұр. Былтыр ғана 120- дай отбасы қоныстойын тойлап, қуанған еді. Енді қолқа қабатын иіске тұншығып, суық пәтерлерде тоңып, бүрсеңдеп әрең отырған көрінеді. Қабырғадан жел улеп тұр. Төбесі мен қабырғалары көгеріп кеткен. Ол аздай, үйдің желдеткіш, жылу жүйесі, қазандығы да дұрыс істемейді дейді тұрғындар. Ал бұған жауаптылар не дейді? Өңірдегі тілшіміз Айжан Қуаш толықтырады.
Бұл отбасы екі бөлмелі пәтерді былтыр ипотекаға алған. Үй жалдаудан құтылдық- ау дегенде, неше түрлі проблемаға тап болдық дейді олар. Жан-жақтан жел улеп тұр, ал қабырғалар көгеріп кеткен. Ызаның иісі қолқаны қабады, ол аздай, суық үйде бүрсеңдеген балалар жиі ауыруда.
Жансая ҚАМБАР. АҚТАС КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бұрыштардың бәрі суық содан суық кіреді, үіміз суық біздің. Балаларға дәрі алу керек постоянно ауырады. Светке ақша төлейміз ай сайын 18-19 мың, плюс 8 мың теңге менде двухкомнатный отопленияға төлейміз.
Жалғыз басты ана Аида Ғабидуллина да 15 жыл бойы ипотека төлейді. Сонша ақшаға алған пәтері адам төзгісіз. Жуынатын бөлме мұздай. Үйдегі ылғалдың жоғарылығы сонша жөндеу мүмкін емес,- дейді.
Аида ҒАБИДУЛЛИНА, АҚТАС КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:
Пәтерді ала сала балаларыммен бірге түсқағаз жапсырдық. Асты көгеріп түсіп қалды. Құрылыс компаниясы көгерген жерлерді зарарсыздандыратын ертінді берді. Екі апта сайын қабырғаларды тазалаймын. Сонымен тыныс демалуға мәжбүрмін.
120 пәтерлі көпқабатты үйдің тең жартысы осындай. Тұрғындар құрылыстың өте сапасыз екенін айтады. Мердігер компания тіпті желдеткіш, жылу жүйелерін дұрыс орнатпаған.
Бауыржан АҚАНОВ, АҚТАС КЕНТІНІҢ ӘКІМІ:
Құрылыс компаниясы үйдің жылу жүйесін дұрыс жүргізбеген. Біз олардан жөндеуді талап еттік. Әйтпесе қазандық үздіксіз жұмыс істеп тұр. «Сараньтеплосервис» серіктестігі маңайындағы үйлердің барлығына жылу таратады. Арнайы қондырғымен тексерген кезде 60 градусты көрсетті.
Ал құрылыс компаниясы мұнымен келіспейді. Желдеткіш пен жылу жүйесінің жұмысын жақсарту үшін екі бірдей насос қойылды дейді.
Абылайхан ӘМІРБЕКОВ, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Бәрі жылудың жетіспеуінен. Қазандықта атмосфералық қысым 4- тен аз. Стандарт бойынша ол 6- дан 9- ға дейін болуы тиіс.Егер қазандық қысымы қалыпқа келтірсе бұл жағдайдың бәрі болмас еді. Біз кемшіліктерді түзетеміз. Бірақ желдеткіш пен жылу жүйесін қанша жөндесек те, қазандық дұрысталмаса ештеңе өзгермейді.
Осылайша екі серіктестік пен әкімдік бір- біріне сілтеп отыр,- деп ашуланады тұрғындар. Ал құрылыс компаниясы енді тәуелсіз сарапшы әкеліп, мәселенің неден екенін анықтамақ. Ол үшін арнайы сараптама жасалады.
А. Қуаш