Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде жалға берілетін пәтерлердің құны тағы 18 пайызға қымбаттады

  • AstanaTV
  • 31 қаңтар 2022
  • 1562

Елімізде жалға берілетін пәтерлердің құны тағы қымбаттады. Бір жылдың ішінде бұл көрсеткіш 18 пайызға өскен. Мұны «Энерджипром» мониторинг агенттігі жүргізген зерттеу көрсеткен. Қазір Қазақстанда жалға берілетін пәтерлердің орташа бағасы шаршы метрі үшін 4 мың теңгеге дейін сұрайды. Бағаның шарықтауы әсіресе Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында байқалады.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Оқу офлайн болғалы Алматының тұрғын үй нарығында қарбалас қайта басталды. Бірі жалға берілетін пәтердің босын іздеп жүрсе, енді бірі арзанын іздейді. Соңғысында су немесе жылуы мен жарығы да бола бермейді.
 
Қазір мегаполисте бір бөлмелі пәтерді жалға алу құны 150 мың теңгеден басталады. Көпбалалы ана Ұлболсын Мамытова да бір бөлмелі пәтерге коммуналды қызметпен бірге осындай қаражат төлеп жүр. Жалдамалы пәтерде жан бағып жүрген отбасының үлкені әлі онға да толмаған. Қыстың суығында да баспананы бір емес бірнеше рет ауыстыруға мәжбүр.

Ұлболсын МАМЫТОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:

Қазір қақаған қыста бізді 4 баламызбен «біз пәтерді сатуға қойдық деп бізге босатыңыздар» деп отыр. Төрт балалы, үш балалы даже екі балалы отбасылар үшін Алматы қаласында пәтер табу қиын. Себебі пәтердің ремонтын бұзады, обойын жыртады тб ущерьб келтіреді деп пәтер иелері бізді баламен шулайды деп бізді ала бермейді.

 
Көпбалалы ана 2011-ші жылдан бері баспана кезегінде тұр. Бірақ «кезек жылжымай қойды» деп ашынады. Жылжымайтын мүлік аенттігі қымбатшылыққа жаңа салынған тұрғын үйлердің көбейгені әсер етті дейді.
 
Асхат БАЗАРБАЕВ, ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК АГЕНТТІГІ ДИРЕКТОРЫ:

Былтырғы жылмен салыстырғанда Алматыда жалға алу құны бірден 40-50-пайызға өскен. Ал сатып алу 30-пайызға қымбаттады. Пәтер іздеушілер де екі есеге артты. Негізі қымбатшылық сол локдаун аяқталғалы басталды.
 
Маман пәтер ақысының өсуі әдеттегідей тамыз бен қараша айларында тіркеледі дейді.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Қазір шаһарда баспананың бір шаршы метрі үшін 3 жарым мың теңгеге жуық қаражат сұрайды. Риелторлар жыл сайын өсетін баға әзірге төмендемейді деп болжайды. Жалдамалы пәтер бағасы өскен ел ішіндегі үштікке Орал қаласы да еніп отыр. Әріптесім Еркін Карин оның себебін айтып беруге дайын. Еркін сөз өзіңде.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Иә, Әсем, Оралда да өз баспанаң болмаса қиын. Тірнектеп тапқаныңды пәтер иесіне санап беріп, қалғанына қанағат қылғандардың қатары қалың. Біздегі риэлторлар пәтерақының қымбаттауын бірнеше себеппен байланыстырады. Біріншіден, өңірде тұрғын үй салу баяу. Ал жаңа үйдің әр шаршы метрі 400 мың теңгеге дейін барады. Үй сатып алуға шамасы келмегендер пәтер жағалап жүр.  
 
Арзанның тұзы татымас. Риэлторлар келген клиенттерге осылай дейді. Өйткені арзан пәтердің жиһазы жұпыны әлде орталықтан шалғай орналасуы немесе ескі үй болуы мүмкін. Ал өңірдегі бағаның шарықтауына шеттен іссапармен келушілер де әсер етіпті. Соңғы екі жыл бойы пәтерді жалға алу бағасы қымбаттап келеді.
 
Гүлжан ЕСҚАЛИЕВА, РИЕЛТОРЛЫҚ КОМПАНИЯНЫҢ АҒА МЕНЕДЖЕРІ:
 
Екі-үш жыл бұрын 50 мыңға, 60 мыңға пәтер табуға болатын еді. Қазіргі мезгілде ондай пәтерлер өте аз. Бір бөлмелі пәтердің бағасы ең аз дегенде 70 мың, екі бөлмеліні де 70 мыңға табуға болады шамалы болса. Бірақ орташа бағасы 80-90 мың. Үш бөлмелілер жүзден жоғары қарай.
 
Риэелторлардың айтуынша, әдетте пәтер жалдау ақысы қыста арзандап, жазда қымбаттайтын еді. Бірақ бір қызығы, биыл бұл баға өзгермеген. Осылайша Оралдағы тұрғын үй мен жер телімінің бағасы Алматы секілді алып мегаполисті өкшелеп келеді. Қымбатшылық қос бүйірден қысқан халық күйініп отыр.
 
БЛИЦ:

- Балаларым пәтер жалдап отыр. Қымбат қой енді бәрі. Өздері жаңадан үйленген кішкентай балалар. 60 мың бір бөлменің өзі. Жалдап отыр. Әлі комуслугасының өзін төлейді.

- Жалақы азғантай ғой. Пәтер жалдап тұру қиын жастарға.

- Екі баламның бірі институтта оқып жатыр, бірі мүгедек. Оларға жұмыс жоқ. Отыр үйде. Құртақандай пенсиясымен. Оқуымыз жоқ, осылай өмір сүріп жатырмыз. Енді не істейміз? Пәтерден пәтер жалдап. Қымбат пәтерлер. 50 мың, 60 мың сұрап жатыр.

 
Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Біздегі сала мамандары да қымбатшылықтың қашанға дейін созыларын тап басып айта алмайды. Бірақ сұраныс азайса, баға да реттелер еді дейді. Бас қалада пәтер жалдау ақысы қалай өзгерген ? Бекболат сөз өзіңде.

Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Иә, Еркін елордада да пәтерді жалға алу бағасы күрт өсіп кетті. Мұнда пәтердің бір шаршы метрі 4 мың теңгеге жуықтаған.

Алты балалы отбасы пәтер жалдайтын қаражаты болмаған соң, 7 жылдан бері саяжайын жағалап жүр.

Гүлнар ҚЫДЫРНИЯЗОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Пәтерақысы қымбат. Мынау дачада көмірдің, от жағып отырмай бізде қалаға көшуші едік.

Жалпы елімізде пәтер жалдау ақысы соңғы бір жылда 18 пайызға өскен. Жалға алудың ең жоғары бағасы елордада байқалады. Онан кейінгі орында Алматы мен Ақтау қаласы тұр. Ал бағаның бұлайша құбылуын мамандар сұраныстың артуымен байланыстырып отыр.

Ғалым ЫСҚАҚОВ, РИЕЛТОР:

Көп сұраныс болып кетті. Пәтерлер жетіспей қалды. Сол кезде үй иелері соны көріп, бағаны қолдан көтеріп жіберді. Бағасы 100 мың тұратын пәтер бағасы 150-200 мыңға көтеріліп кеткен. Енді осы жылы біз ойлаймыз бағасы өз орнына түседі. Пандемия, Чп болмаса өз орнына түседі.

Тұрақсыздықты әркім өзінше топшылайды. Бірі сұраныс артты десе, енді бірі қолдан көтеріп отыр дейді. Себеп көп, салдары да жетерлік. Ал,экономист Бауыржан Ысқақовтың пайымынша  мәселені реттеуде мемлекеттік жүйе қажет. Сонда ғана нарық тұрақталады деп отыр.

Бауыржан ЫСҚАҚОВ, ЭКОНОМИСТ:

Біздегі барлық жалға берушімен жалға алушы арасында 85-90 пайызға дейін ешқандай келісім шарт жасалмайды. Келісім шарт жасалмағандықтан жалға берушілер олар өздерінің ұнаған бағаларын, нарықтағы бағаларды өздері реттеп отыр.  Былай айтқан кезде жалға алушылар қандайда бір факторлармен әсер ете алмайды. Ол үшін мемлекет арнайы онлайн жүйе қалыптастыру керек.


Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Шынымен жаңа Үкіметке атқарар жұмыс көп. Үміт ақталар. Ресми деректерге сенсек Қазақстан жалға берілетін тұрғын үйдің құны бойынша, әлем елдері рейтингінде 107 орынның ішінде 82-ші болып тұрақтаған.

Б. Сатуов, А. Лесбек, Е. Карин