Русский Сайттың толық нұсқасы

Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғындары жолдың азабын тартып отыр

  • AstanaTV
  • 01 ақпан 2022
  • 2401

Қостанай облысындағы шалғай ауылдарға қатынау мұң. Кедір-бұдыр жолмен көлік жүру мүмкін емес.  Облыс орталығынан 700 шақырымдағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы елдімекенге  баратын жол тіпті сын көтермейді. Оның кейбір бөлігіне асфальт та төселмеген. Ал онда тұратын халық ата қонысты тастап, ешқайда көшкісі келмейді. Бұған жергілікті билік не айтады? Азапқа салған жол мәселесі қашан шешіледі? Бұл сұрақтарға тілшіміз Заңғар Санай жауап іздеді.  

Бұл өлке малға жайлы. Суы мол, шөбі шүйгін шұрайлы жер.  Жергілікті жұрт төрт түлік бағып, күнелтеді. Ауылда 80 отбасы бар, адам саны 500-ден асады.  Облыс орталығына барып-келу қиын болса да, тұрғындар ата жұрттан табан аударғысы келмейді.

Әбсалық  ЖАҚСЫМБЕКОВ, АХМЕТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Бұл Ахметтің туған жері. Сондықтан біз бұл жерден көшпейміз. Тірлік жасаймыз қалайда.Кімге де болса атамекені ыстық қой. Малмен күн көреміз.

Ахмет ауылымен арасы 9 шақырымдай болатын көршілес Ақкөлдегі жағдай да осындай. Тұрғындар саны шамалас, түйткілдері де  ортақ. Сапалы жолдың жоқтығы екі ауылдың ел-жұртына қиындық тудырып отыр.

Өмірбек ҚҰДАБАЕВ, АҚКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жол нашар біздің. Әсіресе көктем, күзде жүре алмаймыз батпақтан. Батпақ саз ғой бұл жерлер. Жеңіл көлік жүре алмайды. Тек жол талғамайтындар болмаса.

ӘУЕСҚОЙ ТҮСІРІЛІМ:

Қыста қар астындағы соқпақтың ой-шұңқыры көрінбейді.  Ал жазда жағдай өте қиын.  Ми батпаққа малтығып, жолда қалу бұл жақта үйреншікті жайт. Екі жыл бұрын екі ауылдың ортасына Жыланшық өзенінің үстінен көпір салынды. Биыл 450 миллион теңгеге 107 шақырымның 11 жарымына  асфальт төселмек.  

ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Биыл  Ахмет Байтұрсынұлы ауылының инфрақұрылымын жақсарту бойынша бірқатар жоба іске асырылатын болады. Бұл -сапалы интернет жүргізу, ауыз сумен қамтамасыз ету, елдімекендер арасындағы жолдарға тас жол төсеу сияқты жұмыстар. Сондай-ақ, автомобиль жолдарын қалыпқа келтіру жоспарда бар.


Алыстағы ағайын  атқамінерлер айтқанын орындайтынына үмітті. Сапалы жол салынса,  ұлт ұстазының кіндік қаны тамған өлкеге  тың серпін береді деп сенеді.

З. Санай