Атырауда Жайық үстінде демалушылар төтеншеліктердің ескертуіне құлақ асар емес. Сырғанақтың қызығына түскен халық күндіз түгілі, түн мезгілінде де мұз бетін ойын алаңына айналдырған. Құтқарушылар мұның соңы қайғылы оқиғаға әкелуі мүмкін деп дабыл қағуда. Себебі былтыр қыста 7 адам суға кеткен. Толығырақ тілшіміз Базаргүл Нәдірқызы тарқатады.
Жайық беті күндіз-түні думанға толы. Балалар мәз, ата-аналар да көңілді. Тіпті өзен үсті кішігірім базарға айналғандай. Кәсіпкерлер сырғанау құралдарын 15 минутқа 500 теңгеден жалға беруде. Ойыншықтар мен тәттілер де сатылып жатыр. Бірақ бұлай шоғырлану қауіпті,- дейді мамандар. Олар қанша ескерту жасаса да, жұрт құлақ аспайтын көрінеді.
Нұржан ЖАҚАТАЕВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
Талаптарға сай, бір адам мұз үстінде жүретін болса, оған 7 см жеткілікті. Яғни топ боп шоғырланатын жағдайда, қазір қаламызда демалыс күндері, кешкі мезгілде топ болып шоғырланатын адамдар өте көп. Оларға мұздың қалыңдығы 15 см жоғары болуы қажет. Халық 100 пайыздың 5 пайызы елейді десе болады. Қалғандарының бәрі құлақ аспайды.
Мамандардың айтуынша, қазір мұдың қалыңдығы -11 см. Көпірдің асты одан да жұқа. Қауіпсіздік үшін жағалаудағы кейбір жарылған жерлерге қызыл лента байлап қойған. Ал тұрғындар оның қауіпті екенін біле тұра, келеді. Өйткені шаһарда балаларға арналған бір де бір қысқы демалыс орны жоқ дейді.
Арай ЖЕКСЕНҒАЛИЕВА, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Атырауда басқа баратын жер жоқ. Демалатын балалармен. Уақыт өткізетін. Балалармен баруға. Өзің болсаң жүре бересің ғой. Жағада болса да. Жайықтың үстіне келдік қар үшін. Шанамен ойнау үшін. Бізде қар жауса да тез еріп кетеді.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Бүгін Атырауда минус 1 градус шамасында. Жағалау еріп жатыр. Яғни қауіп артуда. Бірақ оған қарап жатқан ешкім жоқ. Сырғанаушылар қатары сиремей тұр. Ал кәсіпкерлер ескертулерге қарамастан шаналарды жалға беруді тоқтатар емес.
Төтеншеліктердің айтуынша, оларда ескертуден басқа дәрмен жоқ. Тек шаһар басшылығымен келісіп, кешкі 5 пен таңертеңгі 9 аралығында өзенге түсер жолды жабуды жоспарлап отырмыз дейді.
Б. Надірқызы