Русский Сайттың толық нұсқасы

Атыраудағы шағын дүкендердің жабылып қалу қаупі бар

  • AstanaTV
  • 02 ақпан 2022
  • 1541

Атыраудағы шағын дүкендердің жабылып қалу қаупі күшейді. Кәсіпкерлер осыны айтып, шу көтерді. Енгізілген сан түрлі төлемдер еңсемізді көтертер емес дейді. Яғни сауда-саттық міндеттемелері мен банк пайыздары шығынға батырды деп отыр. Олар жергілікті биліктен мәселені шешуді талап етті.

Кәсіпкер Ләззат Досмағамбетова азық-түлік сататын дүкенін жалға беріп қойған. Шағын болғанына қарамастан, сан түрлі төлемдерден бас көтере алмай қалдым дейді. Әкімдік әлеуметтік маңызы бар азық бағасын сатуға шектік баға орнатты. Алайда көтерме саудада ол тауарды әлдеқайда қымбатқа алылп отырғанын айтады.  Одан бөлек,  мобилді қосымша арқылы төлемдердің пайызы да жығылғанға жұдырық болды - деп ашынады.

Ләззат ДОСМАҒАМБЕТОВА, КӘСІПКЕР:
 
Ірі кәсіпкерлер за входящий төлемейді. Неге жеке кәсіпкерлер кішкентай дүкендері бар әрбір платежға 0,95 төлеуіміз керек? Жақсы біз келісеміз исходящий платеж төлеуге. Одан басқа пост терминалға минимальный 2 пайыз Альфа банк пен Жусан банкке тек қана. Народный  банк 3 процент. Егер пос термианалды міндеттесеңіздер, комиссияны алып тастаңыздар.

Шаһардағы 100-ге тарта азық-түлік дүкенінің мұңы - осы. Тығырыққа тірелдік дегендер, тауарларға ілеспе шот-фактура, тіпті ең аяғы электр энергиясы, қоқыс шығару  тарифының қымбаттығы жағадан алды деп отыр. Олар сауда жүйесін жеңілдетуді сұрайды.

Балауса НЫСАНОВА, КӘСІПКЕР:

Тарифты көтеріп жатыр, лицензияға төлеу керек, кассалық аппарат, электронды есепшот деген тағы бар. Бір жарым миллион теңге  айналымы бар кішкене ғана дүкенге мұның бәрі не үшін керек? Біз кассалық онлайн аппарат дегенге мүлде  қарсымыз, жұмысымызды жеңілдетіп берсін.

Азамат МАККЕ, КӘСІПКЕР:

Тек қана 4 пайызға жұмыс жасаймыз. Пайда қалмайды бізде. Сол себепті налогты көрсетпей, фактический сауда 300 мың бола ма біз 30 мың көрсетеміз тек қана. Мұны салықшылар да біліп отыр, кәсіпкерлер де біліп отыр. Оны шығу жолы налог көлемін  0,2 пайызға орнату.

Шағын дүкендердің проблемаларын "Кәсіпкерлік Одағы" бірлестігінің алаңында да талқыланды. Тиісті орган өкілдері іскер азаматтармен кездесуге келгенімен, мардымды жауап бере алмады.

Гүлжан ҚАБДЫРАХМАНОВА, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК КІРІС ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:


Біз бәріміз орындаушымыз. Біз де заңға сәйкес қызмет атқарамыз. Егер қосымша ұсыныстары немесе  өтініштері болса, кәсіпкерлер палатасы арқылы шағымдарын жолдап, әрі қарай жоғарыға жеткізіп, өзгеріс енгізуге ұсыныс бере аламыз.


Руслан ДӘУЛЕТОВ, АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:


Жоғарыдағы құзырлы органдарға жолдайтын боламыз.  Заңнамаға өзгерістер енгізу. Министрілктерге ұсыныс айтатын.  

 
Жиналғандар құзырлылар үнімізді жеткізсе дейді. Аядай ғана дүкеннен тапқан нәпақадан айырмауды сұрап отыр.

Б. Надірқызы