Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте әйелді өлтіріп, мәйітін қоқысқа тастаған күдікті қамауға алынды

  • AstanaTV
  • 03 ақпан 2022
  • 2035

Шымкенттегі қоқыс жәшігінен табылған әйел адамның мәйіттіне қатысты жаңа деректер шықты. Полиция қолын қанға малған сезіктіні ұстаған. 52 жастағы қала тұрғынның үстінен "Адам өлтіру" бабымен іс қозғалды. Қылмысы дәлелденсе 8 жылдан 15 жылға дейінгі мерзім аралығында бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Өмірбек БЕКБЕРДИЕВ, ШЫМКЕНТ қ. ПД ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Тергеу тобының жұмысымен бейнекамералар тексеріліп, аймақтағы тұрғындардан жауап алынды. Нәтижесінде, Шымкент қаласының тұрғыны 1970 жылы туылған азамат ұсталды. Ол өзінің іс-әрекетін толық мойындап отыр. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.

Полиция әзірге қылмыстың қалай болғанын тергеу құпиялығына байланысты айтпай отыр. Қанды қылмыс жеке пәтерлердің бірінде болған деді. Ол баспана марқұмға тиесілі ме, жоқ күдіктінің үйі ме, ол жағы да әзір жұмбақ. Еске салайық, 1-ақпан күні Шымкентте көпшілік орындағы қоқыс контейнерінен жасы 35-40 шамасындағы әйел адамның мәйіті табылған болатын. Жамылғыға оралған дене  үлкен жол сөмкесіне жасырылыпты. Мәйітті алғаш болып сол маңнан өтіп бара жатқан сүт сатушы кездейсоқ көріп қалған.

А. Төребекқызы