Қарағандыда экспедитор токқа түсіп қайтыс болған дүкеннің иесі 4 жыл шартты мерзімге сотталды. Істі қараған Әлихан Бөкейханов атындағы аудандық соттың судьясы осындай үкім шығарды. Кәсіпкердің темір павильонға электр желісін жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамағаны толық дәлелденген. Алайда жәбірленуші тарап оған кешіріп беріп, түрмеге қамамауды сұрапты. Еске салайық, сегіз ай бұрын 33 жастағы Ұлан Шәйкенов әлеуметтік дүкеннің кіре берісінде кенеттен қайтыс болған еді. Марқұмның артында кәмелетке толмаған екі баласы мен жұбайы қалды. Экспедитор жігіт павильонға азық- түлік кіргізіп жатқанда, кіре берістегі темір табалдырықты басқан сәтте токқа түскен. Тергеу барысында дүкен иесіне айып тағылды. Ол өзі тұрғызған темір павильонға электр сымын арнайы мекемеден рұқсат алмастан, жалдамалы жеке электрикке көрші дүкеннен ашық ауада тартқыза салған. Кабель дүкеннің темір шатырына тиіп, ток бүкіл ғимаратқа жайылған. Дүкенге кіріп-шыққандар «бір жерден ток соғып тұр» деп айтқан көрінеді. Бірақ кәсіпкер оған мән бермеген.
Дулат БУРАБАЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫ Ә.БӨКЕЙХАНОВ АТЫНДАҒЫ АУДАНДЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
Сот отырысында сотталушы өз кінәсін толық мойындады. Келтірген жәбірленушіге залалды толығымен өтеді. Жәбірленуші оны кешірді. Және де бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады. Сондықтан сот үкімімен Ғабдулла Ерубаев ҚК- тің 306 бабының 3-інші бөлігімен кінәлі деп танылып 4 жылға бас бостандыынан айырылып жаза шартты түрде саналды.
А. Қуаш