Бар үміт екі айғыр мен сегіз биеде. Еліміздегі ең таңдаулы жылқы зауыты «Қазақ тұлпары» неге құрдымға кетті? Серіктестік директоры Айгүл Амандықова тұралап қалған шаруашылықты тығырықтан шығару үшін не істемек? Қостанай қазанатына қиянат жасаған кім? Осы және өзге де сан сауалға Заңғар Санай жауап іздеді.
Тоқсаныншы жылдардың тоқырауынан дін-аман шыққан Қостанай жылқы зауыты соңғы жылдары құлдырауға ұшырады. Жылқы басы он есеге азайды. Әйгілі «Қазақ тұлпарында» қазанат қалмады. Ендігі бар үміт осы екі айғырда. Зауытқа келген жаңа басшылар жан-жаққа хат жазып, жалғыз кәсіпорынның жағдайын жоғарғы билікке дейін жеткізді. Қостанай жылқы тұқымының мәселесі түрлі деңгейде талқыға түсті.
Айгүл АМАНДЫҚОВА, ЖШС ДИРЕКТОРЫ:
2021 жылдың қыркүйегінен бастап Жол картасы бекітілді. Көп жұмыс жасап жатырмыз. Біріншіден қостанай жылқы тұқымын көбейту. Ұлттық қауымдастықтан бекітілген призовой фонд белгілі. Әр қашықтыққа белгілі болады.
Белгілісі биыл 6 дистанция бойынша 22 жарыс өтеді. Оған тек Қостанай жылқы тұқымы қатысады. Бұл игі шараға «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» қолдау көрсетпек. Ал бие сатып алу мәселесі облыстық әкімдіктің мойнына жүктеліп отыр. Әзірге 3 жылқыға ғана қаражат қарастырылған. Ел бойынша Қостанай тұқымынан тараған жүз елуге жуық жылқы бар. Зауытқа қолдау көрсетілсе тағы талай сәйгүлік баптауға болады дейді белгілі атбегі Игілік Карманов.
Игілік КАРМАНОВ, АТБЕГІ:
Қазіргі таңда мынау қалғаны мінгі типі қалған. Соны біз ары қарай дамытып, спортқа айналдырдық ғой. Енді біз әртүрлі жарыстарда , облыс, республика деңгейлерінде дүниежүзілік деңгейлерге шығатын дәрежеге жеткізуіміз керек.
Бұл зауытта үш жүзден астам асыл тұқымды жылқы болған екен. Қазір соның 33-і ғана қалған. Өкініштісі бұған дейінгі басшылар жылқы індетін жасырып, өз күштерімен жоймақ болған. Алайда шамалары келмей қылқұйрықтылар шетінен қырылған. Қазіргі таңда дендеген инфекцияның себеп-салдары түбегейлі анықталып, жойылуда.
Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:
Кезінде дүркіреп тұрған жылқы зауытының қазір зертханасы қаңырап тұр. Мұндағы құны қымбат құрылғылар мен құрал-жабдық түгел талан-таражға түскен. Енді оны қайта қалпына келтіру үшін де қомақты қаражат керек.
Жуырда жылқы зауыты басшылығы, аймақ атқамінерлеріне жылқы тұқымын сатып алу жөнінде және тозығы жеткен ат қораларды жаңғыртуға өтініш білдірді.
ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Отандық жылқы тұқымын қалпына келтіру, сақтау және одан әрі жетілдіру үшін аталған жылқы зауытының базасында Қостанай тұқымынан биелер сатып алу туралы шешім қабылданды. Облыс әкімі Қостанай ауданының әкімі Ж.К.Тәукеновке және облыс әкімдігінің құрылыс басқармасының басшысына осы жобаларды іске асыру үшін барлық қажетті құжаттарды дайындауды тапсырды.
Жаңа басшылық тұралап қалған шаруашылықты тығырықтан шығару үшін еңбек етуде. Жас мамандар мен бұрын жұмыс істеген қызметкерлерді қайта жұмылдырған. Бапкерлер тай-құнанды бәйгеге дайындау жұмыстарын бастап кетті. Қостанай билігі қолдау көрсетсе қазақтың қазанатын қайта түлетеміз дейді жылқы зауытының жанашырлары.
З. Санай