Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорда облысында ауыл мен аудан арасындағы қатынас қиындаған

  • AstanaTV
  • 03 ақпан 2022
  • 1169

Қызылорда облысындағы Бидайкөл ауылының халқы ауданмен қатынасымыз қиындады деп шағымданды. Араны жалғап тұрған көпір апатты деп танылып, бұзуға туралы келген. Ал, оның орнына салынған жалғызаяқ жол көптің көңілінен шықпайды. Ал, көліктер айналма жолмен қатынауға мәжбүр.

Ауыл тұрғындары әс -баста көпір құрылысы басталады дегенде бөріктерін аспанға атқан еді. Бірақ қуаныш ұзаққа созылмапты. Себебі, мердігер жалғызаяқ жол салып берген. Ал жеңіл көліктер 12 шақырым айналып келуге мәжбүр. «Оның да сапасы сын көтермейді, түнгі мезгілде қауіпті» деп отыр. Сондықтан араға автомобиль қатынасы үшін өткел салып беруді талап етуде.

Жарас ҚЫПШАҚБАЕВ, БИДАЙКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ауданнан азық-түлік әкелген кезде таксиге 1500 теңге сұрайды. Ал газельмен әкелейін десек, мына жақтан көтеріп өткізе алмайды. Біз болсақ, мейлі, жастар. Ал үлкендер қалай өтеді бұдан. Пакет-пакет бала-шағаның қамы деп жүрген адам. Кім болса да. Бізге мына жерден айналысға жол салып берсе дейміз.

Тұрғындардың айтуынша, бес мыңға жуық халықтың 70 пайызы аудан орталығында жұмыс істейді. 100-ден аса бала Шиеліге мектепке қатынайды. Сондықтан өткел құрылысының сапалы әрі уақытында біткенін қалап отыр. Алайда, оған үміттен көрі күдіктері басым.

Нұрлан БЕКЖАНОВ, БИДАЙКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жұмысшылар жоқ, материал жоқ сондықтан тоқтап тұр дейді. Материалға тапсырыс беріп қойдық дейді. Ол материал қашан келеді, оны ешкім білмейді, ешкім айта алмайды. Басшыларыңызды шақырыңыздар дегенмін бүгінге. Ешкім келмейді ғой, бәрі тығылып қалады ғой мүндай кезде. Техникаларының түрі анау, бір күн жүрсе екі күн тұрады.


Ауыл әкімінің айтуынша, көпір құрылысы тамыз айында аяқталады. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ деп, арқаны кеңге салды. Ал жеңіл көліктерге арналған өткел салынғанымен, қауіпсіздігіне жауап бере алмаймыз дейді.

Жомарт АҚБЕРГЕНОВ, БӘЙТЕРЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Ең жақын деген мүмкіндігіміз поликлиника деген бар. Соған қарай тура жолдан  шығатын жер. Соны мәселе ретінде мердігерге айтып көрейін. Бірақ ол ертең жол апаты болып жатса, көпірден ауып кетіп жатса оны ешкім міндетіне алмайды. Оған ешкім жауап бермейді.

Осылайша, ауыл әкімі «айтып көрейін» деп құтылды. Ал жергілікті тұрғындар әзірге сапасыз жолмен қатынаудан басқа амалы болмай тұр.

М. Тоқтасынқызы