Русский Сайттың толық нұсқасы

"Қолданыстағы газ баллондарының дені ескі, сондықтан қауіпті",- сарапшы

  • AstanaTV
  • 04 ақпан 2022
  • 2971

Елімізде бір айда 4 рет газ баллоны жарылған. Күні кеше Қызылордада жеке тұрғын үйде жарылыс болып, бір отбасы далада қалды. Былтыр да осындай қайғылы жағдай жиі тіркелді.  Газ баллондары неге жарылады? Тұрғындар нені ескеру керек? Мамандар не дейді?  Бұл сұрақтарға  тілшіміз Тәжімұрат Әлжанов жауап іздеп көрді.

Тәжімұрат ӘЛЖАНОВ, ТІЛШІ:

Газ құйылатын баллондар алдымен толық тексерістен өткізіледі. Мынадай арнайы құрылғымен су құйылады, қысымы, тесік бар-жоғы аныкталады. Негізі әр баллоннын сыртына салмағы, жарамдылық мерзімі жазылған кұжат жапсырылған. Газ толтыратын кезде осы маңызды. Яғни, белгіленген көлемнің 85 пайызына ғана газ кұйылуы керек. Егер ол талап сақталмаса, баллон жарылады.


Талаай рет жарылды.  Бүйірі тесіліп, мүжілген мына баллондар- соның дәлелі. Былтыр елімізде 68 газ жарылу дерегі тіркелді. 98 адам жарақат алып, 10 адам қайтыс болған. Оның екеуі бала. Биылдың өзінде 4 оқиға орын алып, 7 адам жарақат алды. Мамандар мерзімі өтіп, ескірген баллондар қолданыстан шығарылмай қауіп сейілмейді дейді.

Қайрат ҚАРЖАУБАЕВ, ҚР ТЖМ ӨНЕРКӘСІПТІК ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:

Техникалық куәландыру қорытынды бойынша тұрмыстық газ баллондарын одан әрі пайдалануға жарамды емес танылғанды қаржыландыру және осы газ баллондарын айналымнан алу мәселерді шешу үшін біз жуырда ғана индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне ұсыныс жасағанбыз.

Баллондардың сапасын тек арнайы газ құю мекемелері тексереді.  Ақауы барлар  қайта жөнделеді, жарамдыларына газ құйылады. Бірақ тұрғындардың барлығы олардың көмегіне жүгінбейтін көрінеді.Үй маңындағы  автогаз станцияларынан толтыра салу олар үшін ыңғайлы дейді мамандар.  Ал бұл өте қауіпті екенін айтады.

Тарас БЕНДЕРСКИЙ, «ЖІГЕРГАЗ» ЖШС БАС ИНЖЕНЕРІ:

Жаңа баллонды біз Ресейден аламыз. Өйткені, біздегі технологияның барлығы соған сәйкестендірілген. Кезінде Семей және Целиноград қалаларында баллон шығаратын зауыт болған. Қазір жұмыс істемейді. Пластикалық баллонды қолданбаймыз. Себебі, климаттымызға сай келмейді. Күн суықта немесе ыстықта қатты соққы тисе жарылып кетуі мүмкін.

Екі қабаттан жоғары тұрғын үйлерде газ баллонын қолдануға тиым салынған. Бірақ 15-қабатта тұрса да, оған пысқырмайтындар бар екен.

Рахымжан БЕКТАНОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. ГАЗ ИНСПЕКЦИЯСЫ ЖӘНЕ КӨТЕРГІШ ҚҰРЫЛЫМДАРДЫ БАҚЫЛАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Өтініштер келіп түсті фактілермен. Қауіпсіздік мақсатында біз кәсіпкерлік кодекспен жоспардан тыс тексеріс жүргіздік. Сол жерлерде пәтер иелеріне әкімшілік шара қолдандық. Біз ол жаққа ұйғарым бердік. Газ баллонды алып тастасын деп. Пәтер иелеріне әкімшілік шара қолданылды. 2 факті тіркелді.

Елімізде әлі көгілдір отын желісіне қосылмаған елдімекен көп. Ал бас қалада небәрі 2599 жеке тұрғын үй табиғи газ пайдаланып отыр. Газ құю мекемесіндегілер әлі де баллонға сұраныс жоғары екенін айтады. Ал оны жаңалауға олардың  шамасы келмейді. Сондықтан  барды жамап-жасқап, қолданудан басқа амал жоқ дейді.

Т. Әлжанов