Русский Сайттың толық нұсқасы

Солтүстік Қазақстанда сүт экспорты төмендеді

  • AstanaTV
  • 04 ақпан 2022
  • 1106

Солтүстік Қазақстанда сүт экспорты төмендеді. Ресей Федерациясы былтыр «әділ белгі» жүйесін енгізіп, отандық зауыттардың көпшілігі шетелге өнім өткізе алмай қалды. Көрші елдің талабын орындау қыруар қаржыны қажет етеді дейді кәсіпкерлер. Сала мамандары тың жүйені қалай меңгермек? Экспорт қашан жанданады? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин білуге тырысты.

Бұл сүт зауыты- Қазақстандағы ең ірі өндіріс ошақтарының бірі. 2004 жылы ашылған кәсіпорында қазір тәулігіне 400 тоннаға жуық өнім өндіріледі. Өндірістің қыр-сырын меңгерген компания май, ірімшік, сүт, қаймақ сияқты тауардың 20 түрін шығарады. Кәсіпорын осы уақытқа дейін ішкі нарықтан бөлек, көрші елді де өніммен қамтыған. Алайда, ресейліктер «әділ белгі» жүйесін шығарған соң, экспорт тұралап қалды. Айта кетейік, тауардың қорапшасына салынатын «әділ белгі» өнімнің қайда өндірілгенін көрсетеді.  

Павел СЕЛИВАНОВ, КОМПАНИЯНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Өткен жылдың тамыз айына дейін біз тауарымыздың басым үлесін шетелге сатып келдік. Бірақ ресейліктер «әділ белгі» енгізіп, біз экспортты уақытша тоқтаттық. Енді жаңа қондырғы алайын деп жатырмыз. Бұған шамамен 100 миллион теңге қажет. Оған принтер мен қосымша есептеуіш құрылғылары кіреді. Бұл шығынды тек ірі кәсіпорындар ғана көтере алады. Демек, ұсақ компанияларға енді Ресей нарығына жол жоқ.

Қызылжар өңірінде былтыр 350 мың тонна сүт өндірілген. Алайда, оның  4,5 мың тоннасы   ғана шетелге  шығарылған. Алдыңғы жылмен салыстырғанда экспорт көлемі 4 есе кеміген. Алайда, құзырлы орган өкілдері экспорттың төмендегенін өндіріс әлеуетінің азаюымен емес, құжаттағы сәйкессіздік деп түсіндіреді.

Мейрам МЕНДІБАЕВ, СҚО АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Солтүстік Қазақстан облысы 2020 жылы  18 мыңнан астам тонна сүт  экспорттады. Ал биыл ресми түрде 4,5 мың тонна. Бірақ экспортқа деп өндірілген сүттің көлемі шын мәнінде былтыр 20 мың тоннаға дейін жетті. Тек бұл көлем біздің облыс арқылы емес, Нұр-Сұлтан қаласы арқылы сатылды.


Ал тәуелсіз сарапшылар "Әділ белгі" жүйесін  ресейліктер   өз тұтынушыларын қорғау үшін жасаған дейді.

Азамат БАЙМАҒАНБЕТОВ, ЭКОНОМИСТ:

Тұтынушылар тауардың қайда өндірілгенін «Әділ белгісіз-ақ» біле алады. Ол тауардың сыртында жазылған. Бұл бюрократиялық кедергі болып табылады. Тауарға «әділ белгіні» қою үшін арнайы қымбат қондырғылар қажет. Сәйкесінше, тауардың өзіндік құны қымбаттайды. Бұл қазақстандық тауарөндірушілер үшін тиімсіз екені айдан анық.

Дегенмен, жергілікті зауыттар қарап отырған жоқ. Экспортты жолға қойған бес кәсіпорынның екеуі аталған  қондырғыны сатып алған. Алайда, қосымша шығын тауардың өзіндік құнына әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан алдағы уақытта  сүт бағасы көтерілуі әбден мүмкін.

А. Құрманкин