Халық жазушысы, КСРО және Қазақстан мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісов 98 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Алматы жұртшылығы жазушыны бүгін ақтық сапарға шығарып салды. Қаламгермен қоштасу рәсімі Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрында өтті. Қаралы жиынға жиналғандардың қарасы қалың болды.
Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрында ине шаншар орын жоқ. Қазақ әдебиетіндегі абыз жазушыны ақтық сапарға шығарып салуға, қаламгерлер, зиялылар және жазушының оқырмандары көп келді. Мемлекеттік хатшы Ерлан Карин, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың марқұмның жақындары мен жиналғандарға көңіл айту хатын оқып берді. Ол Әбдіжәміл Нұрпейісов - ұлт руханиятының көшбасшысы деп атады.
Әдебиетте өшпес із қалдырған аса көрнекті қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Сыр елінде дүниеге келген. Ол Ұлы Отан соғысынан кейін, әдебиет әліміне білек сыбана кіріскен еді. Шығармалары адамзаттың қуанышы мен қайғысын, мұраты мен мүддесін арқалай алды. Жазуышының шоқтығы биік "Қан мен тер" трилогиясы, "Соңғы парыз" романы қазақ әдебиетін әлемге әйгілі етті.
Марқұмның елеулі еңбектері мен шығармаларын жиналғандар да еске алды. Қаралы жиынға арнайы келген Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевта, шығармалардағы жанашырлығын, еліне деген сүйіспеншілігін аңғаруға болатынын айтты. Дарабоз тұлғаның туындыларын өскелең ұрпаққа насихатталып, келешекте ұмытылмау керектігін еске салды.
Дәурен АБАЕВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:
Елдіктің сөзін сөйледі, Жұртының бүгіні мен болашағына алаңдаумен өтті. Ол ерлік сияқты асыл қасиеттерді шығармаларына арқау етті. Оның шығармаларын арқау еткен өнер туындылары көбейе береді деп сенемін. Біртуар жазушының жарқын бейнесі әрдайым жадымызда сақталады.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің еңбектері ғасырлар өтсе де қазақ әдебиетінде мызғымас орын алып, ел есінен кетпесі сөзсіз. Екі ғасырдың куәсі болған жазушы, Алматыдағы "Кеңсай-2" зиратына жерленді.
Д. Жарқынбек