Русский Сайттың толық нұсқасы

«Импорттық ескі көліктер ағынына өз нарығымызды ашуға болмайды», - Президент

  • AstanaTV
  • 08 ақпан 2022
  • 933

Утилизациялық алым қайта қаралып, мөлшерлемесі төмендетіледі. Бірақ қаржыны желге шашып, импорттық ескі көліктерге нарық ашуға жол жоқ.  Үкіметтің кеңетілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеде шектен шықпау қажеттігін шегелеп айтты.  Президент саладағы реформа қайта өңдеу немесе тіркеу жарнасын өзгерту үшін ғана қолға алынбағанын еске салды. Сондықтан мамандар бүге-шүгеге дейін зерттеп, ұсыныстар әзірлейтін болады. Ең бастысы - тұтынушылар үшін автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігі арта түспек. Мемлекет басшысы автоөнеркәсіпті дамытуға жұмсалатын қаржы мақсатты игерілу қажеттігін де ескертті.  

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Утилизациялық алым бойынша біз шешім қабылдадық. Барлық қаражат мемлекетке түседі. Енді ставкалардың мөлшерін анықтау қажет. Жұмыс тобы бұл мәселені белсенді талқылауда. Мен өндірушілер мен дистрибьюторлардың тиісті реакциясын күтемін. Үкіметтің алдын ала дайындаған баяндамасы оның дұрыс жолда екенін көрсетіп отыр.  

Әлеуметтік желіде қазақстандық көліктердің басым бөлігі елімізге дайын күйде жеткізілетіндігі жиі талқыланады. Сондықтан Президент отандық автомобиль құрастыру саласын тексеруді тапсырды. «Тек дөңгелегін  салу ғана қалды» деген пайым шындыққа жанасса, шара қолдану керек деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Өнеркәсіп саясатында негізінен автокөлік жасау саласына басымдық берілген. Бірақ, отандық өнім үлесі әлі де төмен. Ашылып жатқан жұмыс орындары да аз. Өнеркәсіп саласына жауапты министр индустрияландырудың барлық мәселесімен мұқият айналысуы тиіс. Әсіресе даму мүмкіндігі жоғары салаларға баса мән беруді тапсырамын.  


Айта кетейік, бүгін  Үкімет басшысы Әлихан Смайылов халықтың эконом-класты отандық автомобильдерді сатып алуы үшін жеңілдікпен автонесиелеу бағдарламасына 100 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінетіндігін мәлімдеді.

Т.Әлжанов