Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодар мұнай зауытының директоры О.Әлсейітов ұсталды

  • AstanaTV
  • 09 ақпан 2022
  • 1589

Павлодар мұнай зауытының директоры Оспанбек Әлсейітов ұсталды. Оған қаржы жымқыру дерегі бойынша іс қозғалып, 2 айға қамауға алынған. Бұл туралы Оспанбек Әлсейітовтің ұлы Сұлтан Оспанбек айтты. Ол әлеуметтік желіде бейнеүндеу жолдап, Президенттен көмек сұрайды.  

Сұлтан ОСПАНБЕК, ОСПАНБЕК ӘЛСЕЙІТОВТІҢ ҰЛЫ:

Тергеуде әкем мұнай өнімдерін жеткізу бойынша келісім шартқа 2018 жылдың 3 қаңтарында қол қойған дейді. Ал шын мәнінде ол директор лауазымына 2017 жылдың 22 желтоқсанында тағайындалды. Тендер бөлу жұмыстары 2016 жыл мен 2017 жылдың желтоқсан айына дейін болған. Ол уақытта әкем «ҚазМұнайГаз» компаниясында департамент директоры болып жұмыс істеді. Десе де, тергеушілер бұл деректі жоққа шығарып отыр. Сондықтан, құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы сізден көмек сұраймыз.


Өңірдің экономикалық тергеу департаменті болса, бұл ақпаратты растамады, теріске де шығарған жоқ. Дегенмен делдал компаниялар сұйытылған газ бағасын негізсіз көтергенін, ал олардың заңсыз әрекетіне бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өңірлік департаменті көз жұма қарап, заңсыздыққа жол берген дейді. Осының негізінде экономикалық тергеу департаменті қылмыстық іс қозғады. Айта кетейік, өткен жылы облыста сұйытылған газ бағасы 130 теңгеге дейін көтерілген болатын. Керекулік газ сатушылар сұйық отынды Павлодар мұнай зауытынан тікелей алып келген. Кейін зауыт газ босатуды делдал компанияларға жүктеп, олар тариф бағасын күрт қымбаттатып жіберіпті.

Владимир КОМАРОВ, СҰЙЫТЫЛҒАН ГАЗ САТАТЫН КОМПАНИЯНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бұл проблеманы шешудің жалғыз жолы ортадағы барлық делдал фирмаларды құрту керек. Бұрынғыша зауыттан тікелей алатын болсақ газдың бөлшек саудадағы бағасы да арзан болады. Кіріс те мемлекетке түседі.

Ө. Қуанар