Русский Сайттың толық нұсқасы

Жаппай тәртіпсіздік кезінде Алматы әуежайының дүкендерін тонағандар ұсталды

  • AstanaTV
  • 10 ақпан 2022
  • 1318

Жаппай тәртіпсіздік кезінде Алматы әуежайының дүкендерін тонағандар ұсталды. Қару-жарақ  жымқырғандар да құрықталды. Мегаполисте қаңтар оқиғасына қатысы бар   күдіктілерді анықтау  әлі де жалғасады.   Толығырақ әріптесім Әсем Лесбек тарқатады.

Қанды қырғын кезінде әуежайдың элиталық дүкендерді тонағандар қазір  тергеліп жатыр. Түрлі иіссу мен қымбат опа-далапты жымқырғандар бұл әрекетіне өкінетіндерін айтқан. Тәртіп сақшылары бес ұялы телефонды ұрлады деген күдікпен тағы бір ер адамды да қолға түсіріпті.

Полиция қару-жарақ дүкенінен қару ұрлағандарды да құрықтады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Шаһардан қару-жарақ пен оқ-дәрілер жасырылған орын анықталған. Травматикалық тапанша, каска сынды құралдар «Дархан» ықшамауданындағы қоймадан табылыпты.  

Семейде әскерилерге тиесілі арнайы көлікті басып алмақ болғандардың бірі қолға түскен. Желіде сондай-ақ Ақтөбе облыстық әкімдігінде болған бүліктің видеосы  жарияланды. Наразы топ қолдарына таяқ, темір ұстап ғимаратқа баса-көктеп кірген. Мұндай топтар еліміз бойынша ұсталып жатыр. Алайда Алматылық Жанар Мақарова ұлым  лаңкестердің кесірінен қамауға алынды дейді.

Жанар МАҚАРОВА, АЛМАТЫ қ. ТҰРҒЫНЫ:

Лаңкестер бүлік кезінде менің ұлымды жұмыстан қайтып келе жатқан жерінен ұстап алған.  Қару-жарақ дүкеніне апарып, алаңға қару тасуға мәжбүрлеген.  Балам мұны өз еркімен жасамаған. 19 жастағы ұлым қазір қамауда отыр.
 
Заңгер Айман Омарованың айтуынша, жазықсыз қамалып отырғандар бар. Осыған мұқият болу керек дейді.    
 
Айман ОМАРОВА, ЗАҢГЕР:


Кейбір азаматтарды күштеп, апарып, ұрып-соғып сол жерге мәжбүрлеп қатыстырғандар да бар. Мәжбүрлі түрде экстремизм дейді. Сондай ұғым бар. Менің ойымша қылмыстық кодекске сондай өзгерістер енгізу керек.

 
Ал саясаттанушының пікірінше лаңкестер мақсат-мүддессіз шеруге шыққан. Жолындағысын жайпап, бірлігімізді құртпақ болды дейді.

Мақсат ЖАҚАУ, САЯСАТТАНУШЫ:

Шерушілердің лидері жоқ. Талап-арыздары жоқ. Және олардың көздейтін мақсаты да белгісіз. Бізде саяси бағыттағы лаңкестік болған жоқ. Сақалдылар. Әсіресе мынау біздің сарбаздарымызды, құқық  қорғау органдарының қызметкерлерімен өте агрессиялық тұрғыда қақтығысуда алдыңғы қатардағы топтар осы болды.


Мамандар қанды қақтығыс оқиғаларын тергеу бірнеше жылға созылуы мүмкін екенін айтады. Бұл ретте құқық қорғаушылардың ерен еңбегін айрықша бағалаған жөн дейді.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Сондай-ақ бүгін   қанды қаңтар құрбандары туралы сайт іске қосылды. Онда қаза болғандар мен жараланғандар және іс-түссіз жоғалғандар туралы ақпараттар жинақталады.

 Ә. Лесбек