Русский Сайттың толық нұсқасы

Суық, әрі лас пәтерде қараусыз қалған әйелдің жақындары табылды

  • AstanaTV
  • 11 ақпан 2022
  • 1751

Ақтөбе облысының Алға қаласында суық, әрі лас пәтерде жападан жалғыз қалған әйелдің туыстары табылды. 51 жастағы тұрғынның ауыр жағдайда жатқанын көршілері анықтап, әлеуметтік желіде көмек сұрап, дабыл қаққан болатын. Осыдан кейін оын аудандық ауруханаға жатқызды. Қазір оның жағдайы қалай? Туыстары алып кете ме? Толығырақ Алға қаласына арнайы барып қайтқан аймақтағы тілшіміз Гүлвира Сейтенованың репортажы.

Мына видеоны көршілері, апта басында түсіріп алған. Пәтер іші лас, әрі салқын. Сөйлеуден қалған, құлағыда естімейді. 50 жастан асқан Зәмзәгүлдің жағдайына алаңдаған олар, дереу учаскелік полиция мен жедел жәрдем шақыртқан. Қазір ол Алға аудандық ауруханасына жатқызылыпты. Әл жинап, өңі кірген, сөйлейтін жағдайға жеткен.

Зәмзәгүл ЖАСЫМОВА, АЛҒА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жақсымын, бірақ тамақ ішпеймін. Тамаққа аппетит жоқ. Асқазаным ауырады. Кеше қарады ғой, емін істемеді. Ең болмаса, дәрі беріңдерші деп едім. Мына көзім көрмей қалды. Бұрын көзім жай көретін еді. Жұмысқа барғаннан кейін көрмей қалды. Құлағым естімей қалды.


Дәрігерлер науқасты жуындырып, киімін ауыстырған. Денсаулығын тексеріпті. Көзі мен құлағына айтқан шағымынан басқа, еш кінәрат тапқан жоқпыз дейді емдеуші терапевт. Қаладан көз дәрігері мен құлағын тексерітін маман шақырттық деп отыр.
 
Ирина РУЩУК, АЛҒА АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ ТЕРАПЕВТ ДӘРІГЕРІ:

Бұл кісі арнайы емді қажет етпейді. Ауыр дерті жоқ. Жүрек-қан тамыры жүйесі қалыпты. Неврологиялық ауытқушылық жоқ. Оған тек созылмалы маскүнемдіктің арнайы емі керек.

Алға қаласында Зәмзәгүл өткен жылдың күзінен бері тұрады екен. Бұған дейін Темір ауданындағы ауылдардың бірінде шаруа қожалығында жұмыс істеген. Алғадағы пәтерді айына 15 мың теңгеге жалдап келген.
 
Гүлвира СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:

Бұл Зәмзәгүл тұрған үйдің ас бөлмесі. Өздеріңіз көріп тұрғандай, бұл жер адам тұрғысыз. Кеше санитар-мамандар келіп, дезинфекция жасап кеткен.


Біз барғанда бұл үйде әйелдің 29 жастағы ұлы бар екен. Ол бейнекамераға түсуден бас тартты. Жігіт лас, суық үйде сыра ішіп, алаңсыз күн кешіп жатыр. Баласынан қайыр болмаған соң, Зәмзәгүлді келесі аптада Ақтөбедегі ағасы алып кетемін деді. Онымен телефон арқылы аудан әкімінің орынбасары сөйлесті.

Аудандық әкімдік қызметкерлері қиын жағдайға тап болған әйелдің құжаттарын түгендеуге кірісті.

Мирхан ЕРМАҒАНБЕТОВ, АЛҒА АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Егер де дәрігерлер растайтын болса, ол кісінің мүгедектігі бар туралы анықтамасы болса, біз ол кісіге мүгедектігіне байланысты жәрдемақы алуға көмектесуге даярмыз.

Аудан әкімінің орынбасары, егер Зәмзәгүлдің туыстары одан бас тартса, оны Ақтөбедегі қарттар мен мүгедектер үйіне немесе әлеуметтік бейімделу орталығына тапсыратындарын айтты. Материал эфирге дайындалып жатқанда дәрігерлер одан туберкулез дертін анықтағандарын хабарлады.

Г. Сейтенова