Русский Сайттың толық нұсқасы

Үкімет Президенттің тапсырмаларын орындай ала ма?

  • AstanaTV
  • 15 ақпан 2022
  • 1473

Үкіметтің қауқары мен жұмыс деңгейін көретін сәт келді. Бұл әрине биліктегілердің Президент тапсырмасын қалай орындай алуына байланысты болмақ. Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстанды» қалыптастыру үшін біршама жүктеме бекітті. Бірінші кезекте – халықтың әл-ауқатын көтеріп, табысын арттыру. Бір сөзбен айтқанда теңсіздікті азайту керек. Жұмысқа «білек сыбана кіріскен» министрлер бүгін «нақты іске көштік», деп Премьер-министрге есеп берді. Үкімет ел үшін, халық үшін не істемек? Әріптесім Асылбек Данияр айтып береді.

Президент елдегі әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық саяси жағдайды тұрақтандыру мақсатында 140 тапсырма берді. Ұлттық экономика министрінің айтуынша, оның 44-і орындалды. Тағы 32-сі аяқталуға жақын. Қалғаны орындалып жатқан көрінеді. Ұлттық экономика министрі болса, халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеп жатқанынан хабардар етті.

Әлібек ҚУАНТЫРОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Бағдарлама 4 бағыт бойынша кешенді шараларды іске асыруға бағытталатын болады: халықтың еңбек қызметінен түсетін табыстарын арттыру; кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыстарды арттыру; жоғары өнімді жұмыс орындарын құру; жұмыс күшінің дағдыларын арттыру.


Министрдің сөзінше, осы бағытта әртүрлі делдалдар мен монополиялық операторлардың комиссиялары мен тарифтерін төлеу жайы қарастырылып жатыр. Сондай-ақ халықтың қосымша шығыстарын қысқарту жөніндегі шаралар пысықталуда, деді. Инфляцияның жайына келер болсақ, жылдың соңына дейін 4-6% дәлізінде ұстап тұруды көздеп отыр. Келер жылы оны 3-4%-ке дейін азайтуды көздейді. Бұдан бөлек, отырыста утиль немесе кәдеге жарату алымы әлі нақтыланбағаны айтылды. Жауапты министрлік мәселені шешу үшін күнделікті жиын өткізіп жатқанын хабарлады.  

Серік БРЕКЕШЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:

Ставкаларды қайта қарау бойынша жұмысты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп осы айдың соңына дейін аяқтаймыз.

Пәтерді жалға алуды субсидиялау бойынша құжаттар 5 сәуірден бастап қабылданбақ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі құжат өткізу үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет екенін жеткізді.

Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ, ҚР ИНДУСТИРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Цифрлық платформаның тестілік нұсқасын 15 наурыздан бастап пилоттық режимде іске қосуды жоспарлап отырмыз. Платформа электронды цифрлық қолтаңбамен өтінім беруді және өтінім берушінің талаптарға сәйкестігін автоматты түрде тексеруді көздейді.

Майнерлерге салынатын салық бірнеше есе өсуі мүмкін. Олардың тұтынатын электр энергиясының 1 киловатт-сағатына 10 теңге салық салу жоспарлануда.  

Әлібек ҚУАНТЫРОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Бүгінгі таңда шамамен 640 МВт электр қуатын ресми тіркелген майнингтік компаниялар тұтынады. Сонымен қатар, «көлеңкелі» майнингті тұтыну ресми тіркеуді талап етеді. Осыған байланысты, Министрлік тұтынушылардың басқа топтарына қарағанда, олар үшін неғұрлым жоғары тарифтер белгілеу мақсатында энергия өндіруші ұйымдар тұтынушыларының жеке тобын бөлу мәселесін қарауды ұсынады.


Қоғам бізден шынайы және пәрменді шаралар күтіп отыр. Үкімет басшысы осыны министрлердің есіне салды. Әлихан Смайылов делдалдардың комиссиялары мен тарифтеріне қатысты мәселені шешуге 1 ай уақыт берді. Талап – Президенттің міндеттерін мінсіз орындау.  Бастысы, халықтың табысын арттыру және тұрмыс сапасын жақсартуымыз шарт, деді.

А. Данияр