Түркістан облысындағы Ордабасы ауданының тұрғындары балаларын сабаққан алып қалып, мал бақтырмақшы. Өйткені жайылым жер жоқ, төрт түлікті қораға қамап қойған. Ақсары ауылының тұрғындары бүгін мәселелерін ашық айтты. Олар ауылдың тап түбіндегі гектар гектар жайылымдық жерді пысықайлар иемденіп алған деді.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Ен даланың маң-маң басқан жануарлары бұл уақытта еркін жайылып жүруі тиіс еді. Алайда қазір көріп тұрғанымыздай түйелер қорада қамалып тұр. Төрт түлік иесінің айтуынша, ауылда мал жаятын жер жоқ.
Күн көрісіне жараған төрт түлігі қолына қарап қалған Алмасхан Нарбек шығынға батып жатқан айтады. Түйелері соңғы бір айда ауладан аттап шықпаған. Қатарынан үш рет айыппұл төлегендіктен, үйде ұстап отыруға мәжбүр. Алдыңғы жылы алған 500 қойдың тең жартысы өліп қалғанына іші удай ашиды. Айтуынша, ауыл іргесіндегі жайылымға иелік қылған кәсіпкер аттап бастырмайтын көрінеді.
Алмасхан НАРБЕК, АҚСАРЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Көктемде 10 см шөпке мал жайғызбай бүкіл ауылдың малын жайғызбай қуратып жіберді шөптің бәрін. Не деген сұмдық...мен өте жалынып сұраймын +ешкім жәрдем бермейді. Ауданға барамыз, облысқа барамыз, ешкім жәрдем бермейді.
Алмасхан секілді ауылдың өзге де тұрғындары малын жаятын жер таппай жүр. Бүгін тайлы тұяғы қалмай мәселені ашық көтерді. 2014 жылдан ауыл іргесіндегі үш жүз гектардай жерді ұзақ мерзімге жалға алдым деген кәсіпкер, не малға, не жанға күн көрсетпей келеді деп мұң шақты.
Жексенбай АРАПБАЙҰЛЫ:
Маханбетов Байжан деген кісіден зәбір көріп отырмыз. Барлық жерге ие. Біреу барып мал бақса да, қалыңдау жерінен орып пайдаланайын десе де үйіне малына зәбір көрсетіп ұрады соғады. Ақыр аяғында рекеттік тірлік істейді..сонымен қорқытып үркітіп бездіріп жібереді.
Жаңабек ЖҰМАБЕКОВ:
Осы Байжан деген кісінің қорасына малым жақындап кетсе қамап қояды да 102 ге звондап штраф салады. Қанша мәрте қамап қойды. 4 мың бірдеңеден штраф төлеп жатырмыз әр мал түскен сайын.
Айта кетейік, Ақсары ауылында небәрі елу шақты түтін бар. Үш жүздей жанның күніне жарап тұрғаны мал мен егістік қана. Білулерінше, талайдан мал жайып келген аумаққа үш кәсіпкер иелік етіп отыр. Бірақ көресіні Байжан дегеннен көрдік дескендер жерді ұзақ мерзімге жалға алған жан өзін қорғап алатын мықты танысым бар деп шіренетін көрінеді.
Әбдіхан НАРБЕК, АҚСАРЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Ал енді Байжан бізге атака жасағанда сұмдық енді. Баланы да ұрады, әйелді де жылатады. –Не дейді, прокурормен қорқытады ма ? –Менің крышам мықты,- дейді. Маған дым қыла алмайсыңдар,- дейді.
Қит етсе полицияны жетектеп келетін кәсіпкердің бұл аумақты белден басып алды деп санайды. Шуласқандар тіпті көктем шықса баламызды сабаққа да жібере алмаймыз деп отыр.
Перизат АСАН:
Ертең балаларымызды сабақтан алып қаламыз. -Не үшін?- Не үшін, мынау қамайды ғой. Бұзауға кім қарайды. Балалар мал бағады.
Енді мартта басталады біздің сабақ. Бармайды балалар. Огород егеміз ба, Байжанмен алысамыз ба, кіммен алысамыз?
Ал бүкіл ауыл атынан үркіп отырған шаруаның өзі ешкімге зәбір көрсетпедім деп тұр. Керісінше шарушылығымды өркендетуге мүмкіндік бермей жатыр дегенді уәж қылды.
Байжан МАХАНБЕТОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Жанында 9 гектар жерім бар жоңышқалық. Сол жоңышқалыққа әдейі түсіреді, айдайды. Мен сол кезде айтсам әкетпейді. Сонан кейін мен оны қораға әкеп қамаймын. Сөйтіп әкімшілікке айтамын, полицияға айтамын. Келіп сол штрафымен заңдылықпен істеп жатырмын.
Ал аудан әкімінің орынбасары мәселенің былтырдан бері туындағанын көлденең тартты. Білуінше, ауылға су келгелі бұрын мал жайып келген суармалы аумақтарға егін сала бастапты. Ақсарының ортақ жайылымы жоқ деген шенеунік жалға беріліп кеткен гектарларды халық игілігіне заңдастырудың қамын жасап жатырмыз деп қосты.
Қыдырбай СЕЙІТҚҰЛ, ОРДАБАСЫ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бүгінгі таңда ескерту берді. Алдағы уақытта келіссөздер жүргіземіз. Келіссөздерге қанағаттанбаған жағдайда ол кісілердің талаптарын орындауға мүмкіндігін көреміз. Келіссөздерге көнбеген азаматтарды үш айдан кейін біз сотқа беру талап арыз беру арқылы қайтаруға жұмыс жасаймыз.
Алайда бұл шаруа жыл соңына дейін созылатын түрі бар. Біз күткенмен төрт түлік қорада күте алмайды деген халық, мал жайып келген жерді қалай да ертерек қайтартып берсін деп талап қойып отыр.
А. Төребекқызы