Русский Сайттың толық нұсқасы

"Балалар үйде сырт киіммен жүреді",-Павлодар тұрғыны

  • AstanaTV
  • 21 ақпан 2022
  • 2003

Павлодардағы Қалқаман кентінде осыдан 2 жыл бұрын  жаңғыртылған көпқабатты үй құлағалы тұр. Жөндеу жұмыстарына қазынадан 109 млн. теңге жұмсалған. Бұл жалдамалы баспанада  көпбалалы отбасылар мен мүгедек жандар тұрады. Олар мәселені айтып, әкімдікке барғанымен  нәтиже шықпады дейді. Амалы таусылған тұрғындар арнамыздан араша сұрады.

Қабырға міне осындай. Даланың есігін ашып жапқанда шайқалып қозғалып тұрады. Ар жағында көрші үйдің балалары бар біздің де балалар бар, байқамай құлап кетсе кім жауап береді.


Бұл сұраққа тұрғындар  құзырлылардан жауап ала алмай жүр.  Әр күніміз үреймен өтеді дейді олар.   

Жемісгүл ЖҰБАЙХАН, ҚАЛҚАМАН КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Үйден аққан су мына құбырлар дұрыс жасалынбағандықтан. Былтыр су кетіп қалған. Содан болып отыра алмай отырмын. Іші бәрі шиік шығып жатыр. Құбырлар бәрі анау дұрыс істемейді.

Қаңырап   тұрған төрт қабатты үйді шенділер 2019 жылы қайта жөндеуден өткізген. Ол үшін қазынадан 109 млн теңге бөлініпті. Баспанаға көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар қоныстанған.  

Бақытгүл САЙЛАУХАН, ҚАЛҚАМАН КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Үйіміз суық. Балалармен бірге курткамен отырамыз шәй тамақ ішкенде. Сол 5 баламен сөйтіп отырмын.

Пәтерлер ғана  емес, жертөле де  апатты жағдайда. Кәріз құбыры жарылып, лас су ішке аққан.  

Тұрлыбек СҰРАҒАНОВ, ҚАЛҚАМАН КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Подвалда болғанда түгел жерінде су ағып жатыр. Трубасы да септиктің трубасы. Бізде общий канализация ғой, ол септикке кетпейді, наборот бері шығып жатыр подвалға. Подвалға міне кірдім, былай су, анда кіруге де невозможно.


Тұрғындар мәселені әкімдерге жеткізгенмен,  көмек болмады дейді. Амалы таусылғасын қоғамдық ұйым өкілдеріне жүгінген. Олар да әкім қараларға хат жазып, жөнді жауап ала алмағандарын айтады.

Нұргүл ҚАЙЫРДЕНОВА, ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІКТІҢ ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНДАҒЫ ӨКІЛІ:

Тіпті мынау едендерінде элементерно стячка жасалмаған ғой. Ең арзан қатып жатқан линолуемды тастай салған. Бұның бәрі ойық- ойық болып тесіліп жатыр. Үйде көп балалы аналар тұрады. Жалғызбасты аналар, мүгедектігі бар отбасылар өмір сүріп жатыр. Олар арендасына ақшасын төлеп тұрып жатыр. Тегін тұрып жатқан жоқ.

Ауыл әкімі мәселеден хабардар.  Мәселе шешіледі дейді.

Нұрбұлан МҰСАБЕКОВ, ҚАЛҚАМАН АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:

Апрель айында мердігер мекеме «ЭЕК монтаж сервис» келіп бүкіл шыққан кемшіліктердің барлығын жоюға міндеттеме алып отыр. Ол жобамен мамыр айына дейін аяқталуға тиіс.

Жергілікті әкім   уәдесінде тұрмаса,  тұрғындар облыс әкімдігіне баруға бекініп отыр. Бірақ оған дейін үй құлап қалмаса екен дейді.

Ө. Қуанар