Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік салдарынан 140 кәсіпкер ғимаратсыз қалды

  • AstanaTV
  • 23 ақпан 2022
  • 1362

Қаңтар оқиғасы кезінде жүзден астам алматылық кәсіпкер зардап  шекті. Бүлікшілер кеңсе заттарын түгелімен тонап, жиһаздарды өртеген. Сауда және бизнес орталықтарын  ойрандады.  Табыс көзінен  бір сәтте айрылған кәсіпкерлер енді тіршілігін қайта жандандыру үшін жүгіріп жүр.   Тілшіміз Тәжімұрат Әлжанов тарқатады.

Айна Жұбатқанқызының 17 жылғы еңбегі бір сәтте құрдымға кетті. Кәсібі күйреп, ғимараттың күл талқаны шыққанына әлі сене алар емес.   Қираған кеңсені көріп, көңілі құлазиды.

Айна ЖҰБАТҚАНҚЫЗЫ, ОРТАЛЫҚ АЗИЯ АЙМАҚТЫҚ КЕҢЕС ЖӘНЕ БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Міне көрдіңіздер ғой оқтардың іздері, бұның бәрі ар жақтан да атылған, бер жақтан да атылған. Бүкіл документтердің барлығы су, енді өртті сөндіру керек болды ғой. Ноутбуктер ұрланған, сейфімізді көтеріп алып кеткен. Ішінде заттар, документ бәрі кетті. Келген кезде сондай далада қалғандай, ертең балаларыма не істей аламын. Қалай болды? Сөйтіп, сондай жағдайда қаласың. Кәдімгідей есеңгіреп қалдым.

Бизнес орталықта Айна секілді 140 кәсіпкер шаруасын дөңгелетіп отырған. Кеңсені олар   жалға алатын.   Енді барар жер таппай отыр. Өйткені, қаладағы бизнеске ыңғайлы ғимараттардың көбісі зардап шеккен. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы тек 30 мекемеге уақытша орын тауып беріпті. Бірақ олардың айтуынша, көпшілігі кеңсеге сәйкестендірілмеген.  Тергеу жұмыстарына да бастапқыда 1 топ қана бөлінген.    
 
Сәбен ТЫНЫШҚАЛИ, АЛМАТЫ қ «АТАМЕКЕН» КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ БОСТАНДЫҚ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:


Бір тергеу тобы бүкіл ғимаратты өту үшін 1,5-2 ай уақыт кетеді. Сондықтан бізге Павлодар облысынан 10 полиция қызметкерін жіберген болатын. 5 тергеу тобы. Оларды мына жаққа шақырып, 2 күнде бүкіл тергеу амалдарын, жұмыстарын өткізген болатын. Олардың жатқызатын жері керек болды. Біз тағы да қала кәсіпкерлеріне шығып, қонақ үйлер сұрадық.


Экономистер зардаптың залалын жою тым қымбатқа түседі деп отыр. Сондықтан олигархтар «Қазақстан халқы» қорына қаржы салуын күшейтпесе болмайды дейді. Өйткені, қазіргі жиналған қаражат теңізге тамған тамшыдай екенін айтады.   

Мақсат ХАЛЫҚ, ЭКОНОМИСТ:

Бұл -кәсіпкерліктің қайнаған ортасы. 80 пайызы сауда және қызмет көрсету саласынан құралады. Мемлекетке келтіретін донор қала. +Әрине қала үлкен зардап шекті. Ақша айналымның процесс кішкене саябырлағанын көрсетеді. Бұның барлығы қаланың динамикалық тұрғыда тез дамуына кедергі келтіреді.

Бизнес орталықтағы техникалар түгелімен тоналды, құжаттары мен жиһаздары өртенді. Шығын көлемі -2,5 миллиард теңге. Кәсіпкерлер   ғимарат тез қалпына келтіріліп, бизнесімізді қайта жалғастырсақ дейді.

Т. Әлжанов