Оралдық тұрғын Абзал Хамитов өз ауласында шағын трактор құрастырып шығарды. Шебер бұл іске үш жылы кеткенін айтады.
Трактордың негізгі бөлшектері ескі көліктерден алынған. Мысалы, жеңіл мәшиненің шамын, түтін шығатын тұрбасын ықшамдап өзгертіп, шанағын түгелдей өзі дәнекерлепті. Ал қозғалтқышы құдықтан су айдайтын ескі мотордан жасалған. Бірақ дөңгелектерін тапсырыспен алдыртуға тура келді дейді. Шебердің айтуынша, егер материал тапсан, мұндай тракторды екі айда құрастыруға болады. Әрі кетер шығын да зауыт өнімінен отыз есе арзан! Мысалы, осы тракторға 300 мың теңге жұмсалған. Трактор шағын болса да, қыс кезінде аула мен көшенің қарын тазалауға жарайды. Жетілдірілген жаңа техникада 8 аттың күші бар.
Абзал ХАМИТОВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бұл трактормен бау-бақшамен айналысатындарға өте таптырмайтын құрал деп ойлаймын өзім. Артына соқа тіркеп, жер жыртуға болады. Сосын культивация жасауға болады артынан. Содан кейін не істеуге болады? Шөп тасуға болады, шөп шабуға да болады бұл трактормен. Азын-шоғын үйдің малын асырауға жеткілікті деп ойлаймын.
Е. Карин