Русский Сайттың толық нұсқасы

"Дикий Арман" озбырлығы желі қолданушыларының ашуын тудырды

  • AstanaTV
  • 25 ақпан 2022
  • 8617

Дикий Арман кім? Әлемжеліде тараған оған қатысты жаңа бейнежазбаларды, бірнеше күннен бері, қазақстандықтар қызу талқылап жатыр. "Дикий Арман" деген лақап атпен танылған Арман Жұмагелдиевке ұқсас адамның озбырлығы желі қолданушыларының ашуын тузғызды. Кадрда тізерлеп тұрған адамның басына дыбысы шықпайтын тапанша тақап тұрғаны көрсетілген. Қылмыс әлемінің серісі Арман Жұмагелдиев туралы не білеміз? Әріптесім Лаура Қуанышқызы айтады.

Экс-боксшы, қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиевтің Алматыдағы бүліктің ортасында болғанына, әлеуметтік желідегі кадрлар дәлел бола алады. Ол 7-ші қаңтарда жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген күдікпен қолға түскен болатын.

Иә, бұл туралы осыдан 4 апта бұрын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық телеарнаға берген көлемді сұқбатында айтқан еді. Ал, күні кеше қолдарына ақ мата байлаған бір топ бүлікшінің сол қонақүйдегі бейнебақылау камерасына жазылған бейнежазбасы әлемжеліні шулатты. Жандайшаптары бір азаматты сүйреп әкеліп, тізерлетіп отырғызады. Ал, «Дикий Арманға» ұқсас ер адам оның басына тапанша тақаған сәті көрсетілген.

Қылмыстық топтың жетекшісі Дикий Арман, 24 бейбіт тұрғынды күштеп әкетіп ұстаған. Оларды аяусыз ұрып-соққаны белгілі болды. Бұл ақпаратты Бас прокуратура растады. Бүлікші бұдан кейін тергеу изоляторына қамалды. Ол темір тордан қашты деген ақпар да тарады. Артынша, қылмыс әлемі серкесі Алматыдағы ҰҚК-нен табылды. Сала ардагері "бейбіт митинг бұзақылар үшін тек сылтау, олар арам пиғылдарын іске асырды", деп отыр.

Өмірзақ БОЛСАМБЕКОВ, ІШКІ ІСТЕР ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ҰЛАН АРДАГЕРЛЕРІ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

"Оның іс-әрекеті заңсыз. Бұл қылмыс болып есептеледі. Олар жолындағыны қиратып, бұзды, қару-жарақ алды. Ломбардтарды және қаражат, қымбат дүние, мүлік бар жерлерді тонады. Осы әрекеттері үшін оған қандай жаза кесілетінін тергеу жұмысы көрсетеді".


Ал, Дикий Арманның деструктивті діни ағындармен байланысы бар ма, жоқ па ол жағы тергеу барысында анықталады. Әзірге полицейлер мен прокурорлар бұл бейнежазбадағы жанжал туралы тіс жарған жоқ.

Л. Қуанышқызы