Украинадағы қазақстандықтарды Польша арқылы елге жеткізу үшін 3 рейс ұйымдастырылуда. Репатриациялық рейс жасайтын алғашқы ұшақ бүгін таңертең сағат 10:00-де Атыраудан ұшып шықты. Оның Катовицеден ұшу уақыты 15:30-ға жоспарланған. Атырауға кешкі 9-да жанармай құю үшін қонып, Алматыға түнгі сағат 12 жарымда жетеді деп күтілуде. Борт 174 жолаушыға арналған. Сондай-ақ, екінші рейс те түс ауа Атыраудан ұшты. Кешкілік елге қайтады. Үшінші рейстің уақыты қазір нақтыланып жатыр. Польша Қазақстан азаматтарына «жасыл дәліз» ұсынды. Шекарадағы қазақстандықтар да елшіліктің бақылауында.
Смайыл АБИБУЛЛА, ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ:
Соңғы жарты жылда Украинада Одесса қаласында жұмыс бабымен болдым. Осы Украинадағы соңғы оқиғаларға байланысты Украинадан шығуға мәжбүр болдық. Львов қаласынан бізге автобус ұйымдастырылды. Трансферт. Сол автобуспен Польшаның шекарасына келдік. Польшадағы елшіліктің қызметкерлері күтіп алды. Сол жердегі почетный консулдың өзі күтіп алды. Польшаға кіруімізді де, виза мәселесін де шешіп берді. Ешқандай қиындық туындамады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан азаматтарын Украинадан эвакуациялауға қатысты жағдайды жіті қадағалап отыр. Бүгін Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Кәлетаев Мемлекет басшысына атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Т. Әлжанов