Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайда А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойының ашылу салтанаты өтті

  • AstanaTV
  • 28 ақпан 2022
  • 1289

"Ахаңның туған жері –алаштың алтын бесігіне айналуы тиіс". Аймаққа ат басын тіреген белгілі ақын-жазушылар мен ғалымдар өңір  басшылығына осындай ұсыныс айтты.  Олар Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туған өлкеге көңіл бөлуді сұрады. ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтетін  Алаш ардақтысының мерейлі жылынан не күтеміз? Тобыл-Торғай оны қалай тойлайды? Толығырақ Заңғар Санай сабақтайды.

Елорда төрінде бастау алған айтулы шаралар, рухани көсемнің туған жерінде жалғасын тапты. 150 жылдық мерейтойдың ашылу салтанаты Қостанай орталығындағы ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Кейін мәртебелі меймандар Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетіндегі дөңгелек үстелге қатысты.

Райхан ИМАХАНБЕТ, А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫ МЕМОРИАЛДЫҚ МУЗЕЙ-ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Ахметті ұшырған Ақкөлге үлкен көңіл аударуларыңызды өтініп сұраймын. Кейде ойлайды тысқары жатыр ел бармайды деп. Ел неге бармайды? Егер жағдайын  жасаса, елдің бәрі барады.
 
Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов қайраткердің ауылын, туған өлкесін түлету жолында қыруар жұмыс атқарылатынын айтты. Алаш ардақтысы  туған үй жаңғыртылып, музейге айналады. Ауылға апаратын  жолдың бір бөлігі жөнделіп, интернет тартылған. Сонымен қатар Қостанай әуежайына Ахмет Байтұрсынұлы есімін беру туралы ұсыныс үкіметтік деңгейде қарастырылып жатқаны белгілі болды.  Игі шара барысында белгілі ғалым, ақын Серікбай Оспановтың «Ұлт ұстазы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Туындының жарыққа шығуына ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы қолдау көрсеткен.
 
Серікбай ОСПАНОВ, АҚЫН, ҒАЛЫМ «ҰЛТ ҰСТАЗЫ» КІТАБЫНЫҢ АВТОРЫ:
 
Бүкіл әдебиетттің жаңғы терминдерін тапқан адам Ахаң.Ол терминдерді айтпай, айналып өте  алмайды.Ал оған сілтеме жасайын десе, Ахаңа сілтеме жасай алмайды. Осы сияқты тілші-ғалымдардың да қиналған жері сол екен.Бүкіл тіл біліміндегі бүкіл барлығын тапқан да Ахаң.

 
Мерейтойдың ашылуына келген меймандар Қостанайдың рухани ошақтарында ахметтану дәрістерін оқыды. Ұлт ұстазының әдеби мұралары  жөнінде әңгіме өрбіп, жергілікті ақындар жырдан шашу шашты.

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
 
Ұлтты тәрбиелеу, ұлтты өрге бастыру, ұлттың тілін дамыту, оқу-құралдарын дамыту деген мақсаттарының іске асуына ол кісінің поэзиясы көмекші болған.


Ахмет жылы өтетін ауқымды ғылыми-танымдық, мәдени-ағартушылық шаралар жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді. Ақжолтай жаңалықтың бірі Ахаң атындағы өңірлік университет «ов» жалғауынан арылып, алдағы уақытта  Ахмет Байтұрсынұлы атындағы оқу ордасы болып аталатын болды.

З. Санай