Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкенттегі Нұртас шағын ауданы тұрғындарының жерін әкімдік қайтарып алмақшы

  • AstanaTV
  • 28 ақпан 2022
  • 1272

Шымкенттегі  Нұртас шағын ауданы тұрғындарының жерін әкімдік қайтарып алмақшы. Себебі, бас жоспарға өзгеріс енгізілген. Ал тұрғындар  жер телімдерін  мемлекетке қайтаруға қарсы.  Өйткені, осыған дейін де 200-ге жуық отбасының учаскесін   әкімдік алып қойған көрінеді. Өңірдегі тілшіміз Айзада Төребекқызы тараптарды тыңдады.

Бұған дейін бір мәрте өздеріне тиесілі жер телімін мемлекетке қайтарған тұрғындарға екінші рет  2016 жылы Нұртас шағын ауданынан жер  берілген.  Алды үй салып, жайғасып үлгеріпті.  Алайда, шаһардың сәулетіне жауаптылар бұл  аумақты да  босатуды қайта  талап етіп отыр дейді жұрт.   

Жанархан ДҮЙСЕНОВА, НҰРТАС ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ол үй залогта тұр тағы банкте. Кредит алып отырмын сол үйді тігіп. Ал ертең үй бұзылатын болса оны кім төлейді, қайда барамыз?! Бір емес екі отбасы  тұрады үйімде. Шиеттей бала-шаға үйімде. Генплан өзгерді екен деп үйді бергіміз келмейді. –Бермейміз.


Тұрғындардың айтуынша,  бұл аумаққа мектеп салынғалы жатқан көрінеді.  Бірақ, мемлекет қажетіне  алып жатыр дегенге сенбейміз дейді.   

БЛИЦ:

- Генплан деген бізде күнде өзгере бере ме қалай бұл? Кім жауап береді бұған? Халық сұрайды. Ешқандай жауап жоқ.

- Қарапайым халықтың учаскелерінің бәрін  қызыл сызыққа қосып қойған, Инвесторларға сатылып жатыр ғой жалпы айтқанда.


Аумақтағы учаскелердің көбіне әл үй салынбаған. Ауыз суы мен электр желілері енді ғана тартылыпты. Осыны күтіп жүрген халық көктемде баспана тұрғызамыз ба дегенде мына жаңалық көңілімізді су сепкендей басты дейді. Өйткені енді бұл жерге тұрғын үй салуға рұқсат берілмейтін болыпты.
 
Мырзагелді СӘРСЕНБЕКҰЛЫ, ШЫМКЕНТ қ. СӘУЛЕТ, ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:


Бекітілген бас жоспарға сәйкес қазір өз кезегінде жер телімдеріңіз мемлекет мұқтаждығына алынады. Салынбаған құрылысқа қазір бекітілген бас жоспарға сәйкес сәулет жоспарлау тапсырмасы берілмейді. Ал салынған құрылыс мерзімінде мұқтаждыққа алынады.


Шенділер тұрғындардың жер телімі нарықтық бағада есептелетінін айтады. Алайда, бір рет жерін мемлекетке қайтарып беріп, аузымыз күйді деген халық екінші рет оған  көнгісі келмейді.   

А. Төребеқкқызы