Украина аумағында жүк көлігінің әлі 37 жүргізушісі қалып отыр. Оларды алып шығу үшін жауапты органдар күн-түн демей қарбаласып жатыр. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің көлік комитетіндегілер айтты. БҰҰ 1 миллионға жуық адам Украинадан қашып кеткенін хабарлайды. Екі елде де жағдай әлі ушығып тұр. Ресейден әлемдік брендтер бас тартуын жалғастыруда. Жаһан Украина мен Ресейдің келіссөздерінің екінші раундынан үміттенуде. Келіссөздер Беларусь жерінде өтіп жатыр. Қос елдің қазіргі ахуалы туралы әріптесім Лаура Қуанышқызы тарқатады.
Ирпин қаласындағы тұрғын үйлердің жәйі осы. Оқ атысы бір минутқа да тоқтар емес. Жолдар жырылып, үйлердің сау-тамтығы қалмаған. Киевте де жойқын жарылыстар толастар емес. Алайда, ресейдік Қорғаныс министрлігі, әскери нысандарға ғана соққы беріліп жатқан айтып отыр. Бүгін алғаш рет Украинаға шабуыл жасап қаза тапқан Ресей әскерінің саны жарияланды.
Игорь КОНАШЕНКОВ, РФ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Өкінішке қарай, әскери іс-қимылдарға қатысқандардың арасында ажал құшқандар бар. 498 ресейдің әскери қызметкері жауынгерлік борышын өтеу жолында қаза тапты. Қаза тапқандардың отбасына көмек көрсетілуде.
Ал, Украина тарапы әр қираған үйдің ақысын Ресейден алуға ниетте. Бұл туралы Telegram желісіндегі кезекті халқына үндеуінде президент Владимир Зеленский айтты.
Владимир ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз әр үйді, көшені,жолды қалпына келтіреміз. Әрі Ресейге «репарация» және «контрибуция» сөздерін үйреніңдер дейміз. Украинаға келтірген шығынды толықтай өтейсіңдер. Ал, қаза тапқандарды біз ұмытпаймыз.
Ал, Еуроодақ Украинаны өз қатарына қабылдауға асықпайды. Брюссельде тек қақатығыс біткеннен кейін ғана бұл сауал талқыға түсетіні айтылды. Қазақстан Украинада қалған отандастарымызды, жүк көліктері мен оның жүргізушілерін қауіпсіз аймақтарға шығарумен әлек. Қауіпті аймақтан 50-ден астам жүргізушінің 13-і шығарылған.
Самат ГИЛИМОВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІ КӨЛІК КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Сол 37 жүргізушінің 37мен де сөйлесіп отырмыз. Олардың қай жерде тұрғанын, қалай тұрғанын. Қазірге дейін құдайға шүкір, бәрі дін-аман. 21 көлік 37-нің Польша шекарасына қарай келе жатыр. Біз ұл басталғаннан бері Польша мемлекетімен, я болмаса басқа Молдова мемлекетімен, бұлар арнайы рұқсатпен жүретін көліктер ғой. Өзіміздіңі тарапымыздан хат жолдағанбыз.
Айта кетсек, қауіпті аймақта 50-ден астам көлік жүргізушінің қалғаны 28-ақпанда белгілі болған. Олардың әрқайсысы әртүрлі бағытта, түрлі тауарды тасымалдауға жөнелген. Алайда, кейбір мемлекеттерден дипломаттар олардың рұқсатсыз кіруі үшін рұқсат алыпты. Салалықтар қазір арнайы жедел желілер мен чаттар жұмыс істеп тұр дейді.
Мұрат АМРИН, «АТАМЕКЕН» ҰКП ЛОГИСТИКА ЖӘНЕ ТАСЫМАЛДАУ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫ:
Жағдайдың күрделілігіне байланысты, Украина аумағында қалған барлық жүк тасымалдаушыларға арнайы чат аштық. Жұмысты жеңілдету үшін осы чаттар арқылы жүргізушілердің қайда екенін анықтадық. Осындай жүйелі жұмыстарды жауапты органдармен бірге пысықтаған соң, Троебортное өткізу пунктінен отандық 8 жүк көлігі өтті.
СІМ Украинадан 431 адамды эвакуациялағанын хабарлайды. Артынша тағы 299 адам қауіпті аумақтан шығарылған. Қазір жұмыс белсенді жалғасуда, дейді.
Ерлан ЖЕТІБАЕВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ БАСШЫСЫ:
Бүгін 148 орны бар 3-ші эвакуациялық ұшақты жіберу пысықталуда. Жақын арада бұл ұшақ Қазақстаннан Польшаға ұшады және бүгін оралады деп күтілуде. Қазіргі уақытта Катовице қаласында 68 Қазақстан азаматы елге оралуын күтуде. Бұған дейін шекараны өткен бірқатар азаматтар Еуропаодақ аумағында қалуға шешім қабылдады.
Дипломаттар, құзырлы органдар қолдан келгенше қамданып жатыр. Дегенмен Украина шекарасында 1000-ға жуық теміржол вагоны тұрып қалған. Мамандар ол үшін даурығуға негіз жоқ, жағдай бақылауда деді.
Л. Қуанышқызы