Мұнай бағасы рекордтық көрсеткішке жетті. Сауда-саттық қорытындысы бойынша, Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 116 доллардан асты. Бұл -соңғы 9 жылда тіркелген ең жоғары көрсеткіш. «Райстэд Энэрджи» аналитикалық агенттігінің болжауынша, әлемде «қара алтын» құны маусым айына қарай 130 долларға жетуі мүмкін. Ал Қазақстан экономикасына шикізаттың қымбаттауы оң әсерін тигізеді. Белгілі экономист Мақсат Халық осылай дейді. Оның айтуынша, мұнай бағасының көтерілуі Ұлттық қорды толтырып, теңгені нығайтады. Бірақ бензин құны өсуі мүмкін дейді. Сондай-ақ, экономистің айтуынша, Ресейге салынып жатқан санкциялардың салқыны бізге де тиіп, экономикамызға үлкен соққы береді. Өйткені кейбір елдер Ресей мұнайынан бас тартуда. Ал біздің мұнай Еуропаға Ресей арқылы тасымалданатынын ескерсек, бұл біздің сауда саттығымызға да кері әсер етуі мүмкін дейді.
Мақсат ХАЛЫҚ, ЭКОНОМИСТ:
Қазір Еуропа Қазақстан мұнайынан да бас тартуымыз мүмкін деген мәселені алдыға тартып отыр. Еуропадан айрылсақ, біздің 90 пайыз мұнайымыз кетіп жатқан. Сондықтан ол қауіпті болады.
Қор нарығында доллар шамалы арзандады. Ұлттық банктің 3 наурыздағы ресми бағамы бойынша, 1 доллар -490 теңге болды.
Kurs.kz мәліметінше, Алматыдағы ақша айырбастау пунктілерінде доллардың сату бағамы 490 теңге, сатып алу – 495 теңге.
Ал Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сату бағасы- 491 теңге, ал сатып алу құны – 494 теңге болды.
Аpple компаниясы Ресейде техника сатуды тоқтатты. Алғашында ресейлік Apple интернет-дүкенінде тапсырыс беру мүмкіндігі жойылды, содан кейін компания Ресей Федерациясына өнім экспорттауды тоқтатқанын ресми түрде мәлімдеді.
Елімізде көлік құны қымбаттауы мүмкін. Қазақстан автокәсіпкерлік қауымдастығының техникалық реттеу жөніндегі директоры Ербол Сейпілов осылай деді. Айтуынша, шетелдік көлікті айтпағанда, өз елімізде құрастырылатын темір тұлпар бағасы да өседі. Өйткені автобөлшектердің дені шетелден әкелінеді. Ал былтыр елімізде көлік бағасы 9 процентке қымбаттаған.
Б. Сатуов