Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан әскери күші не үшін күшейтіліп жатыр?

  • AstanaTV
  • 03 наурыз 2022
  • 2720

Қазақстан әскері күшейтіліп жатыр. Үкімет бірер күн бұрын запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру туралы қаулы қабылдады. Құжатта олардың отан алдындағы борышы  екі жыл өтейтіні көрсетілген. Бұл шараларды қабылдауға не себеп болғанын  сенат отырысына келген Қорғаныс министрінің орынбасарынан сұрадық. Елді қызықтырған тағы бір мәселе бар. Ол - Мемлекет басшысының Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын жаңғырту туралы тапсырмасы. Қоғамда күдік тудырған мәселенің ақ-қарасын әріптесім Асылбек Данияр тарқатып айтады.

Әскери қызметке жарамды және отан алдындағы борышын өтемеген запастағы офицерлер әскерге шақырылады. Қорғаныс министрлігінің ақпараты бойынша олардың саны - 190. Оның 150-і Қазақстанның Қарулы күштерінің қатарына, қалғанын шекара қызметіне шақыру жоспарланып отыр. Мұндағы мақсат не?

Сұлтан КАМАЛЕТДИНОВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Әсіресе, командалық-басқару бөлімшелерінде тапшылық бар. Олар өте аз кездесетін мамандар. Олар біз үшін аса қажетті қызметкерлер. Бірінші кезекті бізге дәрігерлер, байланыс қызметкерлері, IT-технологтар керек.

Мемлекет басшысы кеше Қорғаныс министрлігіне бірқатар тапсырма берді. Ондағы ең маңызды мәселе - Қазақстан әскерін заманауи әрі жоғары технологиялы қару түрлерімен, әскери техникамен қайта жабдықтау жайы. Әскерилердің жауынгерлік дайындығын күшейту туралы да сөз болды. Вице-министрдің айтуынша, бұл дайындық жоспарлы іс-шара.

Сұлтан КАМАЛЕТДИНОВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қарулы Күштердің әрекетсіз отыруына болмайды. Олардың негізгі мақсаты-кез-келген агрессияны тойтаруға дайын болу. Сондықтан сабақтар, түрлі жаттығулар өткізіледі. Оның үстіне осы кезеңде роталар, батальондар үйлесім табуда, сондықтан техниканың Қазақстан аумағы бойынша орын ауыстыруын көздейді.

Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа қару-жарақ сатып алу туралы шешімін жауаптылар былай түсіндірді.

Сұлтан КАМАЛЕТДИНОВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Әскери-теңіз күштері үшін, Әуе қорғанысы күштері үшін броньды танк, зымыран-артиллериялық қару-жарақ техникасы ретінде сатып алынатын болады.

Бұдан бөлек, сенатор Мұрат Бахтиярұлы запастағы офицерлер мен сержанттарды даярлаудың сапасына қатысты депутаттық сауал жолдады.Оның  айтуынша, соңғы 6 жылда 11 оқу орнында әскери кафедра ашылған.     Онда оқитын студенттер аптаның бір күнін әскери дайындыққа жұмсайтындықтан, білім жағынан ұтылып жатыр дейді.

Мұрат БАХТИЯРҰЛЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Шетелде мұндай кафедралар жоқ. Мысалы Ресейде 2019 жылдан бастап әскери кафедралар таратылып, олардың орнына Қорғаныс министрлігінің басшылығымен әскери оқу орталықтары құрылған. Оның ерекшелігі — орталықты бітірген запастағы офицерлер кейін 3 жыл ішінде келісімшарт бойынша қызмет атқаруы қажет. Егер қызмет етпесе, жұмсалған шығынды қайтаруға міндеттеледі.


Сенатор азаматтық жоғары оқу орындары жанындағы әскери кафедралардың құрамы мен құрылымын қазіргі талаптарға сай барынша оңтайландыру туралы хабардар етуді ұсынады. Сондай-ақ халықаралық тәжірибені зерделей отырып, жоғары оқу орындарында әскери даярлық жүйесін жетілдіру мүмкіндігіне талдау жасауды сұрайды.

А. Данияр