Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбе темір жол вокзалында фэшн-көрме өтті

  • AstanaTV
  • 03 наурыз 2022
  • 1263

Ақтөбенің теміржол вокзалы бүгін бір сәтке сән көрсететін сахнаға айналды. Жергілікті дизайнерлер өз бұйымдарын халыққа осы жерде таныстырмақ болған. Сән қойылымы күту залында өтті. Пойызын күтіп отырған жолаушыларға сән-салтанаты келіскен киімдерден бөлек, күнде киюге болатын көйлектер топтамасы көрсетілді. Сонымен қатар, қазақы нақышта орындалған бұйымдар көрмесі жолаушыларды тәнтті етті.

Теміржол вокзалының күту залында бүгін ерекше көңіл-күй. Жолаушылар ақтөбелік дизайнерлер ұсынған сән әлемінің соңғы үлгілерін тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Сән қойылымын ұйымдастырушылар вокзал алаңын жайдан-жай таңдамаған. Халық көп шоғырланатын орындарда ұлттық нақыштағы киімдерді көрсеткіміз келді, дейді олар.   

Гүлзада ЕРМАҒАМБЕТОВА, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ДИЗАЙНЕРЛЕР МЕН ТІГІНШІЛЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:


Біздің мақсатымыз – Қытайдан, Бішкектен, Түркиядан келетін өнімдерді ығыстырып, өзіміздің отандық өнімдерді жарнамалау. Ою-өрнектерге нақышталған қазақы киімдерге халық бет бұрып жатыр, сұраныс көбейіп жатыр.

Фэшн-көрмеде оннан астам дизайнер сәнді көйлектер топтамасын ұсынды. Сән «сахнасында» салтанатты көйлектер, балалар киімі мен ұлттық нақышта орындалған, бірақ мереке-тойларда ғана емес, қыз-келіншектер күнделікті кие алатын сән үлгілері көрсетілді.

Гүлия РАМАЗАНОВА, ДИЗАЙНЕР-ТІГІНШІ:

Қазіргі заман талабына сай, қазақы нақышта киінгенін жақсы көрем қыз балалардың. Той көйлектерін де қазақы нақышта ұсынып, сондай киімдермен келіп тұрмын.

Дизайнер Нұрдана Алтайдың сән топтамасы көпшіліктің көңілінен шықты. Ісмер ата-бабаларымыз бағзы заманда киген кеудеше, шапан, бүрмелі көйлегін қазіргі уақытқа бейімдеп тіккен.

Жанна МҰРАТБЕКОВА, МОДЕЛЬ:

Ұлттық киімдерімізді күнделікті киіп жүру өте әдемі көрінеді, өте жеңіл бұл киім, қозғалысқа да ыңғайлы.

Ерекше сән қойылымы жолаушыларға да ұнады. Пойыз күтіп отырғандар сән көрсетіп жүрген қыздарды ұялы телефонға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеп жатты. Осылайша, тұрғындар қазақы нақыштағы киімдерді бір-біріне жарнамалап, дизайнерлердің ісіне сәл де  болса, қолдау көрсетеді, деп сенеді.

Г. Сейтенова