Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада жасырын зертханадан 6 кг синтетикалық есірткі табылды

  • AstanaTV
  • 04 наурыз 2022
  • 1285

Елорда іргесіндегі Талапкер ауылында  есірткі өндіретін жасырын зертхана анықталды. Оны ұйымдастырды деген күдікпен Нұр-Сұлтан қаласының 24 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол елдімекеннен үйді жалға  алып, ішін заманауи технологиямен  жабдықтаған көрінеді.  Ал баспананың егесі  мұнан   бейхабар.

Күдікті ретінде ұсталған  жігіт  өзі жалға алған  үйде синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан.  Ал көршілері оны бұған дейін бірде бір рет көрмегенін айтады.  

Келіп-кететін квартиранттар ғой, автоматпен келгенде бірақ көрдік.

Пәтердің егесі де ештеңе білмедік дейді. Жігіт ешқандай сезік туғызбаған.   Мұндай жағдай болады деп тіпті ойламағандарын айтады. Жалға берген үйінің  қалай есірткі зертханасына айналғанын түсіне алмай дал.  

Мөлдір ҚАРАБАЕВА, ҮЙ ИЕСІ:

Есеңгіреп қалдым енді, мен негізі өзім тапсырғам болатын. Кәдімгідей жарнамамен. Ондай жағдай болатынын ешкім білген жоқ.

Арман ҚАРАБАЕВ, ҮЙ ИЕСІ:

Таңертең кетіп кешке жұмыстан келеді. Мысалы, андай ештеңе байқалған жоқ. Бірақ соңғы кезде бір қымбат джип машиналар келетін. Мен мән берген жоқпын, туыстары ма деп ойладым.

Полиция Департаментінің  мәліметінше, күдікті қараша айынан бері «есірткіні жасырушы» болып жұмыс істеген.  Бір айдан кейін үйді жалға алып, «есірткіні қайнатушы» -ға айналған көрінеді. Онан соң  есірткінің ірі партияларын әлеуметтік желі арқылы көтерме бағамен сатуға кіріскен.

Марат ТӨЛЕБАВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

24 жастағы елорда тұрғыны ұсталды. Ол Талапкер ауылында есірткі зертханасын ұйымдастырған. Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынып, тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Құзырлы органдардың айтуынша, үйді тінту кезінде 6 келіден астам тұтынуға дайын  синтетикалық есірткі табылған. Сондай-ақ оның  10 литр сұйық түрі тәркіленген.  Егер күдіктінің қылмысы дәлелденсе, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін дейді.

Ә. Дүкембаева