Батыс Қазақстан облысының 9 мыңнан астам тұрғыны газ бағасын арзандатуды талап етіп, петицияға қол қойды. Олардың айтуынша, «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы көгілдір отынды көршілес облыстармен салыстырғанда халыққа бірнеше есе қымбатқа сатып отыр. Осыған күйінген тұрғындар отынның осы түрін арзандатуды талап етіп, «AMANAT» партиясына жүгінді. Бағаның еселеп қымбаттауына арадағы делдал-кәсіпорындардың кесірі тигенін айтады. Мысалы, Атырау қаласында газдың бір текше метрі 4,7 теңге болса, Ақтөбе мен Ақтауда 10 теңгеге де жетпейді. Ал Оралда бір текше метр газдың құны 16,7 теңге, дейді тұрғындар.
Мұрат БАЙДЕКЕНОВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бізде Қарашығанақ, Чинарев секілді екі үлкен кеніш бар. Бұл кен орындары ел қазынасына қыруар қаржы аударады. Былай қарасақ, Қазақстан ғана емес, Ресей мен Еуропаның бір бөлігін асырап отырмыз. Бірақ бізге бұдан ештеме бұйырмайды. Сондықтан “AMANAT» партиясы осы мәселені көтеріп, энергетика министрі мен жер қойнауын пайдаланушылардан жағдайды өзгертуін сұрамақпыз.
Тұрғындар осындай мәселемен партияға жиі келеді. Ал партия өкілдері олардың мұқтажына құлақ асып, билікке жеткізуге тырысады. Бірақ партияның кейбір мүшелері өз міндетін дұрыс атқармай, жұмысты тек формальды жүргізеді. Партиялық бақылау комиссиясының отырысында оларға қатысты сын айтылды.
Гауһар ШАЙХЫНИЯЗОВА, "АМАNАТ" ПАРТИЯСЫ БҚОФ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Бөрлі ауданында аудан әкімі орынбасарларының және Ақжайық, Жаңақала аудандарында аудандық мәслихат депутаттарының, сонымен қатар Бөкей Ордасы ауданының полиция бөлімі басшысының регламентке сәйкес, халықпен қабылдау өткізбегенін көріп отырмыз. Яғни, қабылдау кестелеріне сәйкес, әр партия мүшесі қабылдау өткізуі керек. Біз қабылдау өткіземіз, кейде барғанда кісі болмайды деген сияқты сылтауларды айтады.
Е. Карин