Русский Сайттың толық нұсқасы

Тобыл өңірінде еттің құны екі жүз теңгеге қымбаттады

  • AstanaTV
  • 09 наурыз 2022
  • 1461

Еттің құны екі жүз теңгеге өсті. Мал шаруашылығына қолайлы Қостанай облысында  төрт түлік өнімінің  тапшылығы байқалады. Аймақта бордақылау  алаңдары мен  ет өнімдерін қайта өңдейтін бірнеше  кәсіпорын бар. Бірақ соған қарамастан сиыр мен жылқы етінің бағасы қымбаттап отыр.  

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өткен  жылы өңірде ірі қара саны бес жарым пайызға кеміген  көрінеді.   Керісінше жылқы көбейген.  Астықты өлкеде 150 мыңға жуық жылқы бар. Бірақ соған қарамастан, базардағы баға 10 пайызға өскені байқалады.  Бір келі еттің орташа құны -2800-3000 мың теңге.


БЛИЦ:

- Бұрын біз 2200-2300, ең көбі 2500 теңгеден  сатып алдық, қазір мұндай ет 3 мың.

- 2900 теңге. Зейнеткерлерге қиын. Бір-екі келіге ғана ақшасы жетеді.


Ет сатушылардың айтуынша,  бағаның өсуі өткен жылдың ортасынан басталған.  Оның үстіне өнім тапшы дейді. Дәл қазір орталық базардағы сөрелердің көбі қаңырап  тұр.

Қазына, САТУШЫ:

Сауда орындары бос тұр. Өйткені ет жоқ. Оның қашан арзандайтынын да айта алмаймын. Мүмкін ауылдағы шаруалар өнімін жеткізе алмай жатқан болар.  Біріншіден ауа-райына, боранға байланысты.Екіншіден жем-шөп өте қымбат ғой.

 
Алайда  ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары ет бағасының шарықтауы  байқалмайды дейді. Айтуынша,   баға былтырмен  салыстырғанда небәрі 100 теңгеге қымбаттаған.  

Илона ТИМОШЕНКО, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛІК БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Еттің құны  өткен жылдың деңгейінде. Бағада  - шамалы ғана ауытқу бар. Облыс бойынша сиыр етінің  орташа бағасы  1900 теңге. Былтыр бір келі еттің құны -1800 теңге болды.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Енерджи пром сарапшыларының зерттеуінше, бірқатар өңірде ет қымбаттаған. Әсіресе, қой еті. Оның құны 15,4 процентке көтерілген. Ал сиыр етінің бір келісі  еліміздің сауда орындарында орта есеппен-2 мың 400 теңгеден сатылып жатыр.  

З. Санай