Қазақстанда танымал кинотеатрлардың желісі жабылады. Өйткені Ресей арқылы жұмыс істейтін шетелдік кинокомпаниялар Қазақстанға фильм беруден бас тартқан.
Алмаз МАЛДЫБАЕВ, "KINOPARK-KINOPLEXX" КИНОТЕАТРЛАР ЖЕЛІСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Иә, өкінішке қарай, Ресей арқылы жұмыс істейтін голливудтық компаниялар бізге кино беруден бас тартты. Бізде 1 сәуірден бастап көрсететін өнім жоқ. Сондықтан, "Kinopark-Kinoplexx" компаниясы 1 сәуірден бастап белгісіз мерзімге жабылуға мәжбүр. Өкінішті жағдай, бірақ шындық осы.
Ресейге салынған санкциялар болса күннен-күнге күшейіп барады. Қазір көрші елде әлемдік, халықаралық брендтік компаниялар жұмысын тоқтатуда. Атағы жер жарып тұрған корпорация желілері Қазақстанда да бар. Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, бұл тенденция ел экономикасына зиянын тигізбейді. Керісінше, пайдасы бар деген пікірде.
Мақсат ХАЛЫҚ, ЭКОНОМИСТ:
Бірінші мәселе Ресей арқылы шетелдік брендтермен байланыс орнатпай тікелей орнатуға жол ашу. Ресейдің несиелік яғни кредиттік рейтингтері қазір дефолттық деңгейде. Ал Қазақстанда бізде инвестициялық деңгей деп қарастырылады ғой, ол үш би дәрежесінде болып тұр. Демек, Ресейге қарағанда жақсы. Бұл қосымша инвестиция тарту үшін бір мүмкіндіктер. Бұл біздің кәсіпкерлеріміз үшін жақсы сигнал болады деп ойлаймын.
А. Данияр